Шара Мемлекеттік әнұранмен ашылып, соғыста қаза тапқан батырлардың рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Оқушылар дайындаған патриоттық қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлады.Жиында аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз бен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков сөз сөйлеп, жеңістің мән-маңызы мен майдангерлер ерлігіне тоқталды. Жиын аясында Кеңес Одағының Батыры Бейсен Сейітұлы Оңтаевтың ескерткішіне және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап гүл шоқтары қойылды.
Іс-шарада «Жеңіс туы желбіресін» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, оқушылар «Азат елдің ұрпағымыз» тақырыбында соғыс ардагерлері туралы деректерге негізделген ғылыми жобаларын таныстырды. Сондай-ақ, шара барысында барлық сыныптарда бір мезетте тәрбие және танымдық сабақтары өтті.
Мектептің акт залында өткен «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа өнеге» атты Бейсен Сейітұлы Оңтаевтың ұрпақтарымен кездесу шарадағы өте әсерлі сәттердің бірі болды. Кездесуде батыр ұрпақтары ерлік пен тағылым жөнінде мазмұнды сұхбат берді. Бұл шара — жас ұрпақты елін, жерін сүюге, тарихын құрметтеуге тәрбиелеудің жарқын үлгісі болды.
Бейсен Сейітұлы Оңтаев 1922 жылы мамырдың 3-інде Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Қарааспан ауылында дүниеге келген, өлген жылы белгісіз. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы, барлаушы, қатардағы жауынгер, қазақ.
Ата-анасынан жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Соғыс қарсаңында Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Отырар, Мақтарал аудандарында жер суландыру жүйесінде жұмыс істеген. Кеңес әскері катарына 1942 жылдың қаңтарында шақырылып, Орталық майдан 65-армия 69-атқыштар дивизиясы 120-полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Шабуылдардың бірінде бекінген жау жаяу әскерге бас көтертпеді. Оңтаев бастаған 13 жауынгер жер бауырлап жау траншеясына жетті. 10 танкіні қалқалаған 200-ден астам жау әскері аз ғана топқа қарсы ұмтылды. Ал барлаушылар 4 танкіні талқандап, 80-нен астам жау әскерін жойды. 1943 жылы15 қазанда Радулі деревнясы (Украина, Чернигов облысы, Репки ауданы) маңында Днепрден өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Оңтаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (30.10.1943).
Соғыстан кейін Шымкент педагогикалық институтын бітіріп, мектеп директоры қызметінде болды. Туған ауылына, сонымен қатар орта мектепке Оңтаев есімі берілген. Ленин, l-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат