Дүйсенбі, 26 Қараша 2018 21:01

Түркістан облысы: Жетісай ауданында газға қосылған ауылдарда түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Таяуда ғана Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Жетісай ауданына жасаған сапары барысында Атамекен және Ш.Дәлдабеков ауыл округтеріндегі 5 елді мекен табиғи газға қосылған болатын. Бүгінде сол ауылдардағы абоненттерді «көгілдір отынға» жаппай қосу жұмыстары жалғасуда. 

Алайда жеке үйлерді газға қосу жұмыстарында бірқатар қолбайлаулар орын алып отырғаны жасырын емес. Нақтырақ айтсақ, бірнеше үйлердің құжаттары дұрыс болмай, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ аудандық бөлімшесінің мамандары қойып отырған талаптары орындалмауда. Осыған орай, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Құрман бастаған топ Атамекен ауыл округіндегі Қоғалы ауылында арнайы жиын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын бастады.

Аталған жиынға Жетісай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жетісай аудандық бөлімшесінің инженері Бауыржан Қожаев, Атамекен ауыл окурігінің әкімі Ерболат Раев және Қоғалы және Тыңдала ауылдарына газ құбырларын тартқан мердігер мекемелердің басшылары қатысты. Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғалым Құрман ауылға газ келіп тұрғанын, ендігі мәселе – жаппай «көгілдір отынға» қосу жұмыстарына тұрғындардың өздері мүдделі болулары керектігін ескертті. 

Ал «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жетісай аудандық бөлімшесінің инженері Бауыржан Қожаев «көгілдір отынды» жеке үйлерге кіргізуде барлық техникалық қауіпсіздік нормалары қатаң сақталуы керектігін жеткізді«Сіздер көптен күткен табиғи газ көшелеріңізге келіп тұр. Ендігі мәселе – үйге кіргізілетін құбырларды тартуда барлық техникалық қауіпсіздік нормаларын сақтауларыңыз керек. Егер үйлеріңізде зауытта жасалған газ пеші орнатылмаған болса, біз сіздерді газға қоса алмаймыз. Бұл ретте мен ирандық пештерді қосуға рұқсат жоқтығын да ескертемін», - деді инженер.

Жиын барысында сөз алған ауыл тұрғындары газға қосылу үшін қандай құжаттар қажеттігін сұрады. Ол үшін негізгі 4 құжат қажет. Атап айтсақ, әр үйдің мемлекеттік актісі, меншік иесінің нақтылығы, үйдің техникалық төлқұжаты және үй иесінің жеке басты куаландыратын куәлігі болуы керек.
Жалпы бүгінде Қоғалы мен Тыңдала ауылдарында 140 үй бар. Бүгінде соның 50-ге жуығы «көгілдір отынға» қосылған. Ал қалғандары қойылып отырған талаптарға жауап бергенде ғана табиғи газға қол жеткізетін болады. Дәл осындай түсіндірме жұмыстары Ш.Дәлдабеков округіне қарасты Достық, Байдала, Зерделі елді мекендерінде де жалғасын тапты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1163 рет