Дүйсенбі, 26 Қараша 2018 21:07

Түркістан облысы: Түлкібаста баспанамен қамту ісі қарқынды

Өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Өткен жылы бағдарламаның бес бағыты бойынша 721 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспанамен қамту Түлкібас ауданында да үлкен серпінмен жүзеге асып жатыр. 

Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыты халықты баспанамен қамтамасыз етуге арналған. Соның төртіншісінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қойылған. Түлкібас ауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысы 2016 жылдан қырқын ала бастады. Осы жылы облыс бюджетінен 685 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бүгінде ауданда 1 мың 662 адам  тұрғын үй кезегінде тұр.

Ауданда баспана кезегінде тұрғандардың саны жылдан-жылға азайып келеді. 2016 жылдан бері мемлекеттік бюджет есебінен аудан аумағында 5 мың 884 шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүрді.  96 пәтер пайдалануға берілді. Түлкібаста тұрғын үйден бөлек әлеуметтік мәдени нысандар салу құрылысы да қарқынды жүруде. Дауан ауылында туризмді дамыту мақсатында этнопарктің құрылысы аяқталуға жақын.

Қуанарлығы, осы этнопарк арқылы ұлттық құндылықтарымыз дәріптелмек. Айнала салынған киіз үйлер сонау сақ дәуірінен бергі ата-баба салтына сай безендірілмек. Бұл шетелдік туристерді қызықтыратыны анық.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1142 рет