Сенбі, 06 Маусым 2026 19:44

Түркістан облысы: Жетісайда көпбалалы аналар марапатталды

Жетісай ауданында көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған тағылымды іс-шара өтіп, аяулы жандарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары табысталды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдос Исмайлов қатысып, аналарды марапаттарымен құттықтады, қоғамдағы ана рөлінің айрықша маңызын атап өтті. Мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қолдау жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесі ауданда көпбалалы отбасылар саны артқаны айтылды.

Бүгінде жетісайлық «Алтын алқа» иегерлерінің саны 2243-ке, ал, «Күміс алқа» иегерлерінің саны 4923-ке жеткен. Бұл көрсеткіштер өңірдегі демографиялық өсім мен отбасы құндылықтарының жоғары деңгейде екенін аңғартады.«Ана – ұлттың ұйытқысы, отбасының берекесі. Сіздердің төзімдеріңіз бен тәрбиелеріңіздің арқасында елдің ертеңі қалыптасады» деген Айдос Бақытжанұлы өткен жылдың өзінде аудан бойынша 4139 сәби дүниеге келгенін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аналарды қолдау мен олардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге әрдайым басымдық беріп келе жатқанын атап өтті.

Марапаттау рәсімінде бірқатар аналарға мемлекеттік наградалар салтанатты түрде табысталып, гүл шоқтары ұсынылды. Көпбалалы аналар көрсетілген құрмет үшін алғыстарын айтып, ізгі тілектерін білдірді. Тағылымды шара отбасы құндылықтарын дәріптеп, ана еңбегін ардақтаудың жарқын көрінісіне айналды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 35 рет