Сейсенбі, 28 Наурыз 2017 08:50

«ӨЛГІСІ» КЕП ЖҮРГЕН АҚЫНДАРДЫҢ БЕТІН ҚАЛАЙ БЕРІ ҚАРАТАМЫЗ?

Қазіргі ақындардың көпшілігі оқырманның жүрегіне от жағып, дем беріп немесе қиналғанында басу айтудың, өмірге құштар етудің орнына оқырман оның өзін аяйтын, мүсіркейтін жағдайға жетті. Қоғамның, нарықтың, ең дұрысы адамдардың қаталданып, жаннан гөрі тән қалауын іздейтіндердің көбейгеніне қапа болғаннан ба, әлде жолының болмай, біткен жерім, жеткен жерім осы дей ме, әйтеуір қазаққа біткен жас ақындардың дені көп «жылайтынды» шығарды. Жылап, сықтап басыла қойса мейлі ғой, өзімен қоса елді де жылататынын қайтерсіз. Қойшы, кім жыламай жүр мына өмірде дейсің кейде. Осылайша ақындарды ақтап алғымыз келеді. Алайда...

«Жыласын, еңіресін, зарласын. Бірақ, айналайын-ау, «өлгім келеді», «мені ертерек ана жаққа алып кетшісі несі?» - дейді ауылдағы кітапқұмар, жырқұмар бір жеңгей. Өмір сүруге ұмтылыс, сезімге батылдық, бұ дүниеге деген махаббат бере ме десем, мынауың барып тұрған «жылауық» қой деп бұлқан-талқан. Оу, жеңгей, жыласа бірдеңеге қапа болған шығар, өлгісі келсе өз өмірі, тірі жанға бір өлім хақ деп басып әуремін. Дей тұра өзім де ойланып қалдым. Расымен неге жылай береді екен деп. Сөйттім де өлімді аңсап, өмірден баз кешкен ақындарды іздей бастадым. Сөйтсем көп екен. Жасы да, жасамысы да түгел «жылап» жүр. Өлгісі кеп жүр. Мына өмірден шаршапты. Бірінің құрғыр жігіті алдап кеткен бе, енді біреуінің қызға қолы жетпей, онысы өзге біреудің құшағында кете барған. Ішқұса болған «бейшаралар» ақыры өлімге қамдана бастаған. Бәрі «шөпжелкелердің кесірі».

Сонымен ақын не деп жылайды, не үшін өлгісі келеді? Мына жалғаннан соншама түңілуінің сыры неде? Абайша айтсақ, шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалу – бұл өзі бір антұрғандық емес пе?
Ақынға кенде емес халықпыз ғой. Соңғы оншақты жылда қазақ поэзиясы жаңа толқын жас ақындар легімен толыға бастады. Сөзі оқтай, жанары шоқтай, жалындаған жүзіне қарап-ақ «болайын» деп тұрғандары да, ауызынан Алласы түспейтін, сөзінен қайғы сорғалаған зарлысы да бар ішінде. Жоғарыда айтқанымыздай жылауық, өлім аңсайтындары өз алдына бір төбе.

Қайсыбірінің шығармашылығын ақтарып жіберсеңіз, ішінен міндетті түрде әлгіндей «өлгім келеді» дейтін өлең жолдарын кезіктіресіз. Бұл сонда не? Ақындардың өресі, тақырыптық аясының тарыла бастағаны ма, әлде бір түскен сезім отына байланып шыға алмай, өмір бақи жылап өту миссиясына алаңсыз кіріскен бе? Қалай десек те бұл тенденция қазақ поэзиясын ұшпаққа шығарып, жас ақындардың шығармаларын әлем поэзиясының жауһарларына айналдырып жібереді деу қиын. Меніңше, бұл ақындық өнердің ең бастапқы сатысы болуы керек. Және сол сатыда қалып қойып, жоғары шықпаса өмір бойы «жылап» өтері хақ.

Бір шетінен ақындарға да өкпе артуға болмайды. Рухани сұраныстың төмендеуі, прагматик, материалистердің көбеюі, техногенді дәуірдің әсері – осының бәрі ақынға деген сұранысты азайтып жіберді. Қазір белгілі бір салада жүргендер болмаса өлеңді де, том-том кітапты да оқуға елдің уақыты жоқ. Тіпті кітап деген сөз көпшіліктің санасынан өшіп кеткен. Оған ақынды кінәлай алмайсың. Ақшаға байланған заманның, дегуманизацияның кесірі бұл. Сұраныс болмаған соң ақындар да өздеріне жоғары талап қоюды ұмытады. Ақындар ренжи қоймас, бұл біраздан бері айтылып жүрген пікір.

Бұл заман – өрекпіген одашылар мен өтірікті судай сапыратын жыраулардың заманы болып тұр. Соларға деген сұраныс сұмдық. Сорақысы сол – монополияланып, белгілі бір топтың идеологиясына айналып бара жатқан суырып салма ақындық айтыс өнеріне де ода айтушылық сыналап кіріп алды. Сақал-сақал жас ақындардан аяқ алып жүре алмайсың. Не шариғатты айтып қорқытады, не «үкілеп» әкелген ағаларын мақтайды. Тіпті, Бекарыс сияқты ел сүйген ақындар ресми жиындарда дәл сол айтпауы тиіс мадақ жырларды айтып кетті. Бәрі сол есептің кесірі. Идеология тықпалаудың айласы. 

Бірді айтып, бірге кетіп қалдық, жаңағы «жылап-сықтаудан» өзгені білмейтін жас ақындардың өлеңдерінде баяндау бар да, өз ойларын көркемдік кес-телермен жеткізу, теңеу, эпитет, метафора, балау, әсерлеп суреттеулердің кемшін соғып жатқаны шындық. Тың әсерлі тіркестер, мықты түйіндер өте аз. Осыларды назарға алып, ақындар өздерін сын тезіне алуы керек. Баспалдақтың бір тасында қалып қоймауды ойлағандары жөн. «Жылаудың» да реті бар. Ақын тек жылай бермеуі керек, ақын адамның көркем ойлау жүйесін қалыптастыратын рухани дәрігері болуы тиіс.

Сөз соңын Әмірхан Балқыбектің мына бір жазбасымен қорытқым келіп отыр. Марқұм бауырымыз былай деген екен: «Екiнiң бiрi iшкiш болған деп бiлетiн Есенин табиғатында шымыр денелi жiгiт болған. Америкаға барғанда ондағылар оған спортшы болатын-ақ жан екенсiз деп тамсаныпты. Сол Есенин келбеттi де жiгiт екен. Бет әлпетi бiр қарағанда бейкүнә перiштедей көрiнетiн болса керек. Алғаш кездескендер анадай тентек өлеңдер мұның қай жерiнен шығады екен деп те ойлайды екен. Сол Есениндi өлең оқып тұрған кезiнде көрген бiреу: «Мынау тек мықты өлең ғана жазып қоймайды, қажет болса адамды да өлтiре алады»,-депті. Бiзге де сондай ақындар керек. Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Аманжоловтай. Жылауықтар емес!».

 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

 

Оқылды 1930 рет