Сәрсенбі, 12 Маусым 2019 19:56

Түркістан облысы: Жетісай ауданындағы бұзылған көпір жөнделіп, ел игілігіне қайта тапсырылды

Осыдан екі апта бұрын Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Жылысу ауыл округіне қарасты Кәрімата елдімекенінің тұрғындары ауылдарына кіре берістегі үлкен көпірдің құлайын деп тұрғанын айтып, аудан әкімдігіне шағымданған болатын. 

Мәселенің мән-жайымен толық танысу үшін аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев аталмыш ауылға арнайы барып, көпірді демеушілердің есебінен тез арада жөндеуге тапсырма берді. Нәтижесінде 3 күн ішінде ауылдағы негізгі көпір жөндеуден өтіп, ел игілігіне қайта тапсырылды. 

Айта кетер жайт, бүгінде аталған ауылда 23 отбасы тұрады. Халықтың негізгі күнкөрісі – егін шаруашылығы. Дәл қазір егістік алқаптарындағы бақша дақылдарының пісіп-жетіліп тұрғанын ескерсек, жүк көліктерінің ары-бері қатынауына бұл көпір ауадай қажет болатын. Ауыл тұрғындары өткелдің тез арада қайта жөнделіп, қолданысқа берілгеніне риза болып, алғыстарын жаудырып жатыр.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 749 рет