Дүйсенбі, 29 Шілде 2019 18:17

Түркістан облысы: Арыс қаласында 2680 үйдің құрылыс жұмыстары бітті

Арыс қаласында құрылыс жұмыстары тәулік бойына жалғасу үстінде. Бүгінгі таңда зақымданған және жарамсыз деп танылған 7611 үйдің 4641-інде жөндеу жұмыстары өз уақытымен жүріп жатыр. Оның орындалуы 60,05 пайызға жеткен. Ал біткен үйлер саны 2680, яғни 35,41 пайызды құрайды. Жалпы 17 сектордағы әр облыс өздеріне берілген мерзімде қолға алынған шаруаны аяқтауға жақындап қалған. 

Бұдан бөлек төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс тұрғындарына 100 мың теңге өтемақы төлеу үшін 63464 адамнан өтініш қабылданған. Қалада әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар жұмыс істеуде. Жалпы, шаһарда 66 әлеуметтік нысан бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып келеді, оның ішінде 4-і басынан салынады. Осы бағыттағы жұмыстарға 1788 жұмысшы, 30-ға жуық құрылыс компаниясы жұмылдырылған. Бүгінгі таңда Арыс қаласындағы құрылыс-жөндеу жұмыстарында облыс, қалалардан 7699, облыс аудандарынан 315 адам жұмыс істеуде.

Айта кету керек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық штаб әрбір секторға жауапты облыс пен аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жүйелі жұмыс атқаруы тиіс екенін айтқан болатын. Берілген тапсырмаға орайАрыс қаласында құрылыс жұмыстары толық бақылауға алынған.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1179 рет