Жұма, 25 Қазан 2019 18:15

Шымкентте жыл соңына дейін 1554 пәтер беріледі

Бүгін Шымкентте Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңестің төрағасы Нұрғазы Бұхарбай жетекшілік еткен жиында қаланың құрылысы, көркі және сәулеттендіру мәселелері талқыланып, атқарылған жұмыстар бойынша сын-ескертпелер айтылып, бірқатар ұсыныстар түсті. 

Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметовтің айтуынша, биыл Шымкентте жыл соңына дейін 1554 пәтер ел игілігіне беріледі. Оның 898-і жалдамалы пәтер болса, 656 пәтер несиелік. «7-20-25» бағдарламасы аясында «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 12,7 млрд. теңге қаралған. Аталған қаржы есебінен 75 000 шаршы метрді құрайтын 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нысан 2020 жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда жалпы 49 тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін соның 26-сы ел игілігіне тапсырылады.  Оның ішінде көп балалы және жалғыз басты аналарға басымдық беріледі.

Одан бөлек Шымкент қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Айымжан Лесбеков есеп берді. Шымкентте заңсыз және құрылыс талабын бұзып салынған нысандарға мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде талапқа сай келмейтін 184 ғимарат анықталып, құзырлы мекемеге жолданды. Сондай-ақ 4 аудан бойынша 365 рұқсатсыз орналасқан жарнамалық қалқандар орнынан алынды. Құрылыс талаптарын бұзған 370 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 93 млн. теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 106 азаматқа хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Басқармаға лицензия алуға және қайта рәсімдеу жұмысына қатысты 373 өтініш түскен. Оның 144-і қанағаттандырылса, 229 адамның ісі кері қайтарылды. 

Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшыларының баяндамаларын тыңдаған кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Айтылған ұсыныстар мен пікірлер бойынша хаттама жасалып, тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ нормативтік-құқықтық акт жобалары қаралып, бекітілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 742 рет