Жұма, 25 Қазан 2019 13:33

Атаулы әлеуметтік көмек алған шымкенттіктер жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр

Бірі мал шаруашылығымен айналысып жатса, енді бірі тігін цехын ашқан. Жәрдемақы алған тұрғындардың ішінде кондитерлік цех ашып, түрлі тәттілерін саудаға шығарып отырғандар да бар. 

Мәселен, көпбалалы ана Перизат Ниязалиева сүйікті ісінен табыс тауып отыр. Қолынан іс келетін ол 300 мың теңгеден астам жәрдемақы алған. Мемлекеттен алған қаражатқа тігін машиналарын, оған қажетті бұйымдарын сатып алыпты. Ол қазірге ұлттық нақыштағы көрпе, жастықтарды тапсырыспен тігіп жатыр. Көпбалалы ана әлеуметтік желілерден арнайы парақша ашып, саудасын қыз-қыз қайнатып отыр.

Мамандардың айтуына қарағанда, Шымкентте жәрдемақыға өтініш білдіргендер саны биыл едәуір өскен. Сәуір айынан бастап қалада 60 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысыҒалымжан Балтаев: «Мемлекеттік қолдауға қол жеткізген тұрғындарды жаппай жұмыспен қамту шараларына тартып жатырмыз» - дейді.

«Атаулы әлеуметтік көмек халыққа тұрмысын түзеу үшін беріледі. Қазақстанда келер жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Халықты масылдыққа емес, жағдайын жақсартуға бағытталған жәрдемақы тағайындаудағы жаңа тәртіптерді қазір басқарма өкілдері халық арасында түсіндіру жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр» деді ол.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 837 рет