Сәрсенбі, 30 Қазан 2019 16:45

Шымкентте арнайы техникалардың қысқа дайындығы тексерілді

Шымкентте қыс мезгіліне авариялық-құтқару және қалалық жол қызметі техникаларының дайындығы пысықталды. Биыл шаһар тазалығы үшін 20 жаңа техника сатып алыныпты. Шараға қала әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов келіп, жауапты мекемелердің қысқа əзірлік жұмыстарымен танысты. 

Шымкентте қазіргі таңда тазалық жұмыстарымен айналысатын 4 мекеме бар: “ЛТД Тұрмыс”, “Югдорсервис”, “Бəйтерек ЛБ” жəне “Нұртас сервис”. Техникалардың жалпы саны – 151. Оның ішінде сүргіштер, грейдерлер, жүкті өзі аударатын көліктер, бульдозерлер және т.б. техникалар бар. Жауапты мамандар осы техникалардың көмегімен шаһардағы жалпы ұзындығы 1292 шақырымдық 225 көшені тазалайды. Ал жұмысшылар саны – 1197.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Н.Дербісовтың айтуынша, қыста төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында дайындық жоғары дәрежеде пысықталып отыр. Бұл ретте арнайы техникалардың жарамдылығы мен техникалық жағдайын анықтауға талап күшейген. Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Әли Алтайдың сөзіне сенсек, шаһарда қысқы маусымға дайындық жұмыстары кесте бойынша іске асырылып жатыр екен.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 819 рет