Дүйсенбі, 14 Қазан 2019 13:24

Шымкент: Мамандар 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын түсіндірді

Бүгін Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты №83 жалпы орта мектебінде Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындарымен кездесті. Және Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері солтүстікке қоныс аудару бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 

Шымкент қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы және қаланың төрт ауданы әкімдігі бірлесіп "Өңіраралық бос жұмыс орындары" жәрмеңкесін өткізуде. Аталған шара 14-17 қазан аралығында ұйымдастырылады. Жәрмеңкеде қала аумағында орналасқан кәсіпорындармен, мекемелердегі бос жұмыс орындары, солтүстік өңірлердегі жұмыс берушілерден ұсынылған бос жұмыс орындары ұсынылып, қоныс аударуға ниет білдірген азаматтардан өтініштер және "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2500 бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Одан бөлек бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 1079, Солтүстік Қазақстан облысында 1196, Павлодар облысында 878, Қостанай облысында 392 бос жұмыс орындары ұсынылуда.

Жалпы, жоғарыда аталған облыстарға аспаз, тәрбиеші, мұғалім, дәрігер, медбике, көлік жүргізуші, дәнекерлеуші, механизатор, электрик, тракторшы, агроном, психолог, есепші және т.б.мамандықтар қажет. Солтүстікке көшіп барған отбасының әрбір мүшесіне 88 мың тг.көлеміндегі бір реттік жәрдемақы беріледі. Мәселен, СҚО Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда аумағы 70 шаршы метр болатын 36 үй салынып жатыр. Аталған баспаналар көшіп барған отбасыларға 5 жылға жалға беріледі. Ай сайынғы төлемақысы 7-9 мың теңге. Бес жылдан кейін үйді жекешелендіріп алуға болады.

"Еңбек" бағдарламасы бойынша толық мағлұматты Шымкент қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығынан алуға болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 772 рет