Бейсенбі, 07 Қараша 2019 21:24

Ғасырлық тарихы бар газет өкілдері оқырмандарымен жүздесті

Бүгін Шымкент қалалық «Отырар» кітапханасында «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің 100 жылдығына орай редакция мүшелері шымкенттік оқырмандарымен кездесті. Алқалы жиынға "Egemen Qazaqstan" жалпыұлттық республикалық газеті басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі, ел газетінің ардагерлері Сүлеймен Маметов пен Қарашаш Тоқсанбай, Оңтүстік өлкесі мен үшінші мегаполистің танымал қаламгерлері, белгілі журналистер, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева, БАҚ өкілдері, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты. 

Жүздесу барысында ардагер тілшілер естеліктерімен бөлісіп, ел тарихындағы ерекше орны бар, тарихы бір ғасырлық газеттің республика өміріндегі алатын орны мен маңызы туралы сөз болды. Оқырмандар мен жас ұрпаққа жеткізілді. Ал басқарма басшысы Жанар Бектаева қонақжай дәстүрмен мәртебелі меймандардың иығына шапан жапты.

Айта өтейік, 1919 жылы Орынбор қаласында «Ұшқын» газеті болып  жарық көрген басылымның атауы бір ғасырда сегіз рет өзгерді. Мәселен, әр жылдары «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» болып жарық көрді. 1991 жылдың маусымында басылымның аты "Егеменді Қазақстан" болып өзгерді. Ал 1993 жылдың қаңтарынан газеттің бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауы "Егемен Қазақстан" болып өзгерді. Осы атаумен 23 жылдан бері шығып келеді. Қазір 200 мың таралымы бар газеттің бір ғасырда жарық көрген тігінділері сандық нұсқаға көшірілген. Оны алдағы уақытта оқырмандар ғаламтордан да көре алады. Сондай-ақ жүз жылда газет бетінде жарияланған ең өзекті мақалалар жинақталып, бес томдық кітап болып жарыққа шықты. 

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 786 рет