Бейсенбі, 25 Мамыр 2017 14:48

Салынып жатқан үйлердің сапасы қандай?

Бүгінгі қоғамда құрылыс саласына қатысты қым-қиғаш пікір көп. Соның басым бөлігі саладағы сапасыз істерді сынға алып жатады. Жұмыс болған соң кемшілік те қатар жүретініне түсіністікпен қараған жөн шығар, бірақ кейінгі кезде бітпей жатып құлап қалатын құрылыс нысандарының саны адам жаңылысатындай жағдайға жетті емес пе? Және бір байқағанымыз, тұрғын үй кешені құлап қалған кезде ғана дабыл қағылып, бұқараның назарын өзіне аударғаны болмаса мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардағы «ЧП-лар» онша айтыла бермейді.

Жасыратыны жоқ, мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарында сапасыздық жиі қылаң береді. Сапасы сын көтермейтін жаңа нысандарды еліміздің кез-келген аймағынан кездестіруге болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір жылдың өзінде 371 мердігер компания құрылыс нормативтерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған екен. Оларға қатысты 256 әкімшілік іс қозғалып, 361 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Негізі, құрылыс компаниясы ережені екінші рет бұзса, сот шешімі бойынша лицензиясынан айрылуы керек. Бірақ, бір қызық жері нормативті бұзғандардың саны жарты миллионға жетеғабыл болғанымен лицензиясынан айырылғандары саусақпен санарлықтай, бар болғаны бесеу-ақ. Біресе Астанадан, біресе Алматыдан, тағы бірінде еліміздің басқа өңірінен бітпей жатып жер жастанып жататын жаңа нысандар жайлы ақпар тарап жатады. Бірақ, сол сапасыз іске себепкер болатын компаниялар жеңіл-желпі жазамен құтылып кетіп жатады. Бір жылда бар болғаны 5-ақ компанияның лицензиясын кері қайтарып алу, міне осыны көрсетпейді ме? Бұл сайып келгенде бізде құрылыс саласындағы олқылықтар үшін жауапты тұлғаларды жауапқа тартатын заң болғанымен, оның жұмысы тым әлсіз екенін білдіреді. Орын алған заң бұзушылықтарды бақылаушы органдардың жұмысында да салғырттық байқалады.

Сапасыз істердің салдарын қоя тұрып, себебіне үңіліп көрейік. Негізінен құрылыс саласындағы сапасыздықтың орын алуына тендердегі жемқорлық бірден-бір себеп болып отырғаны талай биік мінберден айтылған. Бір өкініштісі, жасаған қылмысы үшін жаза арқалайтындардан гөрі тамыр-танысы, ақшасы арқылы мәселені өз пайдасына шешетіндердің салмағы басым болып тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, тендердегі жемқорлықтың шет-шегі көрінбейді. Тапсырыс беруші билік өкілдері көбіне өздері танитын, қаражаты көп мердігердің тендерді ұтып алуы үшін жағдай жасайды. Яғни, тендерді бөтен адамның жеңіп алуы мүмкін емес. Сонымен құрылыс жұмыстары басталмай жатып-ақ жемқорлық басталады. Заңсыз әрекетке өздері қатысқан соң тапсырыс берушілер жұмыстың сапасыздығына қарамастан қабылдау актісіне қол қойып жібере салады. Комиссия да көбіне «бармақ басты, көз қыстылықтың» ығында кетеді. Жергілікті атқамінерлермен келісіп тендерді ұтып алған мердігер шығарған шығынын өтеп қана қоймай, артық табыс табуды да көздейтіні заңдылық. Сол себепті ақша үнемдеу үшін арзан әрі сапасыз материалдар пайдаланылады. Бөлінген қаржыны талан-тараж қылған компания басшылары шетелден арзан құрылыс материалдарын жеткізеді. Бетін жылтыратып қойғанымен, сапасы нашар материалдармен тұрғызылған ғимараттың да көп ұзамай апатты жағдайға жететіні содан. Құрылыс саласында нысанның негізгі тұғыры – арматура екенін ескерсек, оның қай жерден, қалай тасымалданып жатқаны да белгілі. Темір-терсекті өзімізде өндіріледі дегеніміз болмаса олар да шетелдік компаниялардың қолында. Яғни, қытайдың технологиясы бойынша шығарылады. Оның өзі қымбат. Ал, сырттан тасымалданатын арматураның сапасы көбіне сын көтермейді. Бұған да бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Бағасы арзан арматураларды пайдаланып, құрылыс жұмыстарын аяқтау – компаниялардың басты мақсаты. Осылайша тірегі әлсіз жүздеген ғимарат елімізде бой түзеуде. Содан қолданысқа берілген жаңа нысанның көп уақыт өтпей жатып-ақ қабырғасы қақырап, төбесі опырылып жатады.

Пайдалануға берілгеніне жыл толмай жатып жер жастанып жататын жаңа нысандардың бұл жағдайы еліміздегі шенді-шекпенді шенеуніктерді де алаңдата бастады. Сапасыз құрылыстардың себебін тереңірек зерттей бастаған мамандар бұл олқылықтың бір ұшын елімізде бәсекелес компаниялардың аздығына апарып тірейді. Белгілі бір деңгейде бұл пікірмен де келісуге болады. Шынында да біздегі үлкен объектілерді көбіне шетелдік компаниялар алады. Олармен бәсекелес болуға тиіс біздегі компаниялар бір-екі жылдан кейін жемқорлыққа шырмалып, басынан дау кетпей жатады. Осылайша бәсекеге қабілетті компания өспей жатып, көктей солып кетеді. Бұл үшін бақылауды күшейту керек.

Бүгінде еліміздегі құрылыс қарқыны сырт көзге жақсы жүріп жатқандай көрінгенімен шын мәнінде олай емес. Рас,жылына қанша мың шаршы метр тұрғын үй салынып жатқанын жоққа шығаруға болмас, дегенмен кеңес одағы кезіндегі құрылысы қарқын алған 80-ші жылдармен салыстырғанда едәуір төмен. Ол кезде елімізде ондаған ғылыми-зерттеу институттары жұмыс жасаған. Аталған ғылыми-зерттеу институттары құрылысқа қажетті материалдарды анықтап, оларды әзірлеу технологияларын қалыптастырған. Ал қазір мұндай институттардың бір де бірі жоқ. Сонымен қатар, 80-ші жылдары қазақ жерінде 4 ірі цемент зауыты болған. Бүгінгі таңда отандық цемент зауыттары сол 4 зауыт шығарған өнімнің жартысын да шығара алмайды екен. Ол кезде жұмыс жасындағылардың 30 пайызы құрылысқа тартылған болса, бүгінде бұл көрсеткіш бар-жоғы 10-ақ пайызды құрайды. Осы тұста айта кететін тағы бір мәселе, бүгінгі құрылыс басындағы қол күшін көбіне шеттен келген арзанқол жұмысшылар құрайды. Ал, арзанның сорпасы татымайтыны тағы белгілі. Мұндай арзан жұмыс қолын құрылысқа тарту компаниялар үшін тиімді болғанымен мәңгілікті көздеген еліміз үшін тиімсіз болып тұр. Әрине, мәңгілік ел болуды көздеген еліміздегі құрылыс сапасы да мәңгілік болғанға не жетсін, ең болмағанда екі-үш жыл шыдап бермегені, шынында да, шымбайға батпай тұрмайды екен.

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ. 

Оқылды 1971 рет