Бейсенбі, 26 Наурыз 2020 12:46

Шымкентте ұн мен нанның бағасы бақылауда тұр

Шымкентте ұн қымбаттады. Салдарынан ас атасы нанның да бағасы өсті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату міндеті жүктелген «Грамад» дүкендерінде бөлке нан аптаның басынан бері 75 теңгеден сатылып жатыр. 

Жергілікті халық отандық өнім — ұнның қымбаттағанын ақылға сыйдыра алар емес. «Көбі жұмыссыз қалып жатқан дәл мынау дүрбелең уақытта ас атасының қымбаттауы қисынсыз. Алдағы аптада 1 қап ұнды 6800 теңгеден сатып алсақ, міне, енді 7800 теңгеден 1 мың теңгеге қымбаттаған», - дейді олар.

Ұнның қымбаттағаны нан бағасының өсуіне ұласты. Наубайханашылар ұнды өңірімізден, қала берді арзан ұн тауып, Қызылордадан әкеліп жүр екен. «Тұрақтандыру қорынан әлеуметтік бағада ұн үлестірсе, бізге жақсы қолдау болар еді. Жақында қала әкімдігі «әлеуметтік ұн береміз» деген. Өзіміз шығынға батсақ та, нанның бағасын ұстап тұрмыз» - дейді кәсіпкерлер.

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды қымбаттатпай сату міндеті жүктелген «Грамад» дүкеніндегілер нан бағасының осы аптаның басынан көтерлігенін растады. «Бізге әлеуметтік бағада нанды «Атамекен» жеткізеді. Олар аптаның басынан бөлке нанды 75 теңгеден жеткізуде. Біз сол бағада сатып жатырмыз. Ал ұнға келсек , ақтөбелік өнімнің бір қабы 7850 теңге, келісі 157 теңгеден түсіп тұр, жергілікті ұн өндірушілердің бағасынан да кем», - дейді «Грамад» сауда орталығының өкілі  Динара Ахметова.

Түнде ғана мәлімдеме жасаған қала әкімі Мұрат Әйтенов әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын мықтап бақылауға алынғанын айтқан еді. «Шымкент қаласы әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында арнайы штаб құрған болатын. Күнделікті бағаларға мониторинг жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түріне бағаны тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд. теңге қаралған.  Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті, баға бақылауда. Алаңдауға еш негіз жоқ» деген болатын әкім.

Ұн бағасының көтерілуін сарапшылар қордағы астықтың азаюымен және өнімнің экспортқа шығуымен байланыстырады. «Егер оған тыйым салынса, ішкі нарық толығып, ұнның құны бірден түседі» - дейді мамандар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1057 рет