Дүйсенбі, 06 Сәуір 2020 14:33

Түркістан: «Біз біргеміз» акциясы бойынша мұқтаж отбасыларға көмек беру жалғасуда

Түркістан облысында «Біз біргеміз!» акциясы жалғасуда. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының үйлестіруімен өтіп жатқан акцияға өңірдің кәсіпкерлері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі белсенді түрде атсалысуда.

Кәсіпкерлердің көмегін шоғырландыру үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры таңдалып алынғаны, реквизиттері БАҚ арқылы жарияланды.

Бүгінде кәсіпкерлердің осы қорға аударған қаражаты мен заттай көмектері арқылы Түркістан облысы бойынша 2 мыңдай отбасыға азық-түлік пен гигиеналық заттар топтамасы жеткізілуде. Оны партия өкілдері, «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері мен ерікті жастар жүзеге асыруда.
«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының жанынан қамқоршылық кеңесі құрылған. Оның құрамында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаев және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қайнар Абасов енгізілген.
Бұл қорға 26 млн. теңгеден астам қаржы жиналды. Қорға түскен әрбір қаражатқа азық-түлік пен гигиеналық және медициналық заттар сатып алынып, партияның аудан, қалалық филиалдары арқылы «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» төмен және «Бақытты отбасы» жобалары бойынша аса мұқтаж жандарға жеткізілуде. Олардың қатарында тыл ардагерлері, жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік жағдайы өте төмен көпбалалы отбасылар бар. Бұл жердегі мақсат – көмекке зәру, жүріп-тұруы қиын тұрғындарды үйінен шығармай, көмекті жеткізу. Аталған тұрғындардың тізімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерімен бекітілді. Көмекті алу үшін партия филиалдарына келудің қажеті жоқ. Тізім бойынша берілмек. Дегенмен демеушілер қолдауы күшейсе, қамтылатын тұрғындар саны да арта түсуі мүмкін.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 358 рет