Дүйсенбі, 06 Сәуір 2020 14:55

Түркістан: Түлкібаста халық көп жүретін жерлерге дезинфекциялайтын құрал орнатылып жатыр

Түркістан облысы Түлкібас ауданында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы мамандар залалсыздандыру өткелін жасап шығарды. Бүгінде жаңа құрылғы сынақтан өтіп, сала мамандарының қолдауына ие болуда.

 Коронавирус пандемиясының алдын алу мақсатында залалсыздандыру өткелдері аудан орталығындағы "ҚазПошта" мен "Халық банкі" және "Халықтық кеңсе" ғимараттарының алдына аудан тұрғындары мен сол мекемелерде қызмет атқаратын мамандардың қауіпсіздігі үшін орналастырылуда. Алдағы уақытта жаңа құрылғы аудан орталығындағы халық шоғырланатын мекеме алдарына және "Шақпақ" бекетіне лн орналастыру жоспарлануда. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, залалсыздандыру өткелі үйшік тәріздес, ішінен адам өтуге ыңғайластырылған. Адам өткен кезде арнайы дайындалған залалсыздандыру сұйықтығын бүрку арқылы автоматты түрде 8 секунд шашып, барлық қатерлі микробты өлтіре алады.

Сондай-ақ аудандағы залалсыздандыру жұмыстарына арнайы техника жұмылдырылды. Аудан орталығындағы халық көп шоғырланатын көше бойлары мен орталық базар аумағына арнайы техниканың күшімен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 391 рет