Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 14:05

Түркістан: Төлеби ауданында дезинфекциялау жұмыстары жалғасуда

Түркістан облысы Төлеби ауданы аумағында коронавирусқа қарсы күрес шаралары үзіліссіз жүргізіліп жатыр.

Ауданның жоспарлы кестесіне сәйкес Ленгір қаласындағы Ленгір-Достық жолы, Қапал батыр, Әйтеке би, Қазыбек би, Д. Қонаев, көшелері дезинфекцияланды. Сонымен қатар аудан аумағындағы ауылдық округтерде де қауіпті дерттің алдын алу шаралары жүргізілуде,-деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Залалсыздандыру жұмыстарына арнайы жасақталған еріктілер топтары, төтенше жағдай бөлімі мамандары мен өрт сөндіру машиналары жұмылдырылған. Ауданда COVID-19 індеті тіркелмеген. Тұрғындардан барлық шектеулер мен ескертпелерді қатаң сақтау сұралады.

Сондай-ақ ауданда тігілген мединалық бетперде саны 63 мыңнан асты. Бетперделердің 48 мың данасын мектептер мен колледждердің ерікті мұғалімдері, 15 мың данасын ИЧ-167/9 мекемесіндегі жазасын өтеушілер дайындады. Әзірлеу жұмыстарын аудан әкімдігі материалдық жағынан қамтамасыз етуде.

Дайын болған бетперделер кезең-кезеңімен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарттарға, аудан көлеміндегі дәріханаларға, жалпы мекемелерге және орталық базарда тұрғындарға тегін таратылуда.

Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін атқарылатын игі істер жалғасатын болады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 415 рет