Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 20:43

Түркістанда мешіттер залалсыздандырылды

Бүгін Түркістан шаһарындағы мешіттерге коронавирус індетінің алдын алу шарасы аясында әскери қызметшілер залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді.

«Қожа Ахмет Яссауи» мешітінен басталған жұмысты 35748 әскери бөлімінің қызметкерлері атқарды. Мешіттің аумақтары, барлық бөлмелері және дәретханалары да жауапкершілікпен залалсыздандырылды. Кезекті нысан ретінде кесене төңірегі басты назарға алынды. Осылайша түске дейін және түстен кейін қаладағы барлық мешіттерге ретімен атаулы шара жүргізілді.

«Қазіргі кезде қала бойынша мешіттердің барлығында азан айтылады. Бес уақыт намаз, жұма намаздары жамағатпен бірге оқылмайды (діни басқармадан пәтуа шыққаннан бері тоқтатылып тұр). Зәру жағдайдағы өткен-кеткен адамдар мешіттің сыртқы жағында намаз оқи алады да, ары қарай сапарын жалғастырып кете береді. Жаназа, діни рәсімдерге қатысты тұрғындардың маңызды сұрақтарына жауап беру үшін арнайы кезекші молдалар қызмет етуде»,- дегенді айта келіп, залалсыздандырудың халық қауіпсіздігі үшін жүріп жатқанын тілге тиек етті шаһардың бас имамы Жүсіпбек Қасымбеков. Әр азамат ел тағдыры сынға түскен қиын сәтте, үлкен жауапкершілікті терең сезіне алса жақсы болар еді деген ойын да ортаға салды.

Айта кетейік, аталмыш әскери бөлімнің 200-дей қызметкерлері мен 20-ға жуық әскери техникалары қалада індетке қарсы қауіпсіздік шараларын күшейтумен қатар, залалсыздандыру жұмыстарымен айналысады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 365 рет