Жұма, 10 Сәуір 2020 21:07

Сарыағаштықтар «Мейірімді ауылдастар» челленджін жалғастырды

Коронавирус инфекциясының кең таралуының алдын алу үшін ел аумағында төтенше жағдай жарияланып, көптеген салалар мен адамдардың жүріс-тұрыстарына шектеулер қойылды. Осыған орай, «Мейірімді ауылдастар» челленджі аясында көмек көрсетіп жатқандар қатары көп.

Челленджді жалғастырған сарыағаштық кәсіпкерлер аудан аумағында тұратын қарт кісілер мен тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға азық-түлік, керек-жарақтарын алып беріп, көмек қолдарын созуда. «Мейірімді ауылдастар» челленджі аясында Сарыағаш қаласы және Дарбаза ауылдық округтеріндегі әлеуметтік жағдайы төмен және отбасында мүмкіндігі шектеулі жандары бар отбасыларға азық-түлік себеті үлестірді.

Айта кетейік, аталмыш акция аясында атқарылып жатқан қайырымдылық шараларына кәсіпкерлер, еріктілер, әкімдік қызметкерлері атсалысуда.
Қайырымдылық халқымыздың қанында бар асыл қасиеттердің бірі. Сондықтан да жүрегі жомарт, еңсесін еліне қарап көтеретін ел азаматтарының арқасында бұл шара өз жалғасын табатыны сөзсіз. Себебі, бұл челлендж облыстың барлық аудан, қалаларында жалғасын тауып, халықтың қиын кезеңнен аман-есен өтуіне оң ықпалын тигізуде.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 424 рет