Дүйсенбі, 13 Сәуір 2020 21:12

Түркістандық депутат 6 мың ағаш отырғызды

Бүгінде тұтас әлем елдері індетпен күресіп жатыр. Алдыңғы қатарда біздің елімізде аты жаман дертті ауыздықтауға барын салуда. Осындай қиын сәттерде барша ел азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруда.

Біздің кейіпкеріміз ел тағдыры таласқа түскен дауылды кезде де еліме не істеп берсем екен, туған өлкемнің өркендеуіне бір кісілік үлесімді қалай қоссам екен дейтін үлкен жүректі азамат. Түркістан жұртына етене таныс халықтың қалаулысы – «Жолаушы» ЖШС мекемесінің құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Рахым Тәңірбергенов. Жұмысын тоқтатып қойған жоқ. Төтенше жағдай талаптарын орындай отырып, игілікті жұмыстар атқаруда, -деп жазды yassy-tur.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған халқына дем берген «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласында кәсіпкерлерге де үндеу тастаған. Мол дәулет табуына себепкер болған халқы мен тәуелсіздік үшін қызмет ететін күн туды деген болатын. Бір жағынан аталған үндеуге тура келіп, енді бір қырынан Түркістанның ертеңі үшін көп жылдар бойы тер төгіп келе жатқан асыл азаматтың қолға алған бастамасы ағаш егу болып отыр.

Атап айтар болсақ, қаланың шыға беріс бөлігіндегі 9 гектар аумаққа 6000 түп ағаш отырғызған. Енді сол ағаштардың өніп-өсіп мәуелі бәйтерекке айналуы үшін суару мәселесі жан-жақты қарастырылған. Арнайы қазылған құдық суы жеткізіліп, күтіп-баптауды қамтамасыз ететін мамандар да жұмыс істеп жатыр.

Табиғат дүниесіне керемет көрік беріп тұрған ағаш атаулының адам денсаулығына пайдасы мол екендігін айта келіп, жайқалған жапырағымен, саялы көлеңкесімен шаһардың ауасына да әсері ерекше екенін тілге тиек етті. «Ағаш – баламыздың бесігі, үйіміздің есігі, ас табағың, қасығың» деген халық даналығы тұрғысынан және қасиетті хадистерде айтылуынша да ағаш отырғызудың адамзат баласы үшін маңызы зор, сауабы мол екендігі белгілі деген ойын ортаға салды. Сөз соңында қаламыздағы әр кәсіпкер болмаса жағдайы келетін әр азамат ағаш егуді қолға алса, қалада «Жасыл белдеу» қалыптастыру үшін тамаша көмек болар еді дейтін ұсынысын да жеткізді Рахым Көлбайұлы.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 378 рет