Жексенбі, 05 Сәуір 2020 01:56

Шымкент қаласының әкімі тұрғындарды шектеу кезіндегі талаптарды сақтауға шақырды

Бекеттерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер мен транзиттік машиналар еш кедергісіз өтуі керек. Бұл туралы Шымкенттегі бірқатар бекеттерді аралап шыққан Қала әкімі Мұрат Әйтенов айтты. Сондай-ақ, мегополис басшысы бірнеше базар орталықтарында болып, бағаның жайын бағамдады. Қаламыздағы ірі қоймалардағы ахуалды да назарға алды.

Шымкенттегі блок-бекеттердің жабылғанына екінші тәулік. Дегенмен, халық арасындағы байбалам басылар емес. Осыны ескерген қала әкімі бірқатар посттарға арнайы ат басын бұрды. Мұрат Дүйсенбекұлы бірінші кезекте барлық бекеттерде «Жасыл дәліз» ұйымдастыруды  тапсырды. Ол жерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер, азық-түлік тасымалдаушы машиналар мен транзиттік жүк көліктері, сондай-ақ, басқа да арнайы техникалар  кедергісіз өтеді. 

Қала басшысы блок бекеттерде тұрған жолаушыларға шектеу кезіндегі талаптарды сақтап, үйлеріне қайтуға кеңес берді. Шымкент тоғыз жолдың торабында жатыр. Сондықтан, сақтық шараларын барынша күшейтіп, оны орындауға тиіспіз, - деді ол. Қазір қалада 18 блок бекеттері тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Онда медициналық қызметкерлер мен құзырлы орган өкілдері, әкімшілік қызметкерлері ауысыммен үзіліссіз қызмет атқаруда. 

Одан соң қаладағы «Жібек жолы», «Қазыбек» базарларына төтеннен кіріп, ішкі сауда орындарын аралады. Бағаны негізсіз көтеріп, санитарлық тазалықты сақтамаған базарлар жабылатындығын айтты. Қала әкімі ондағы саудагерлермен тілдесіп, сатып алушылардан баға жөнінде сұрады. Көтерме сауда базарында соңғы күндері азық-түлік бағасының 30-40 теңгеге төмендегені байқалады. Оны сатушы мен сатып алушы да растап отыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 382 рет