Жексенбі, 05 Сәуір 2020 06:13

Шымкент: 42 500 теңге жәрдемақы төлеудің тәртібі барынша жеңілдетілді

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, 42 500 теңге жәрдемақы төлеудің тәртібі барынша жеңілдетілді. Жәрдемақыға өтініш беру үшін электронды цифрлық қолтаңбаның болуы міндетті емес.

Алдымен, ЭЦҚ арқылы немесе көрсетілген нөмірге СМС хабарлама жіберу арқылы бір реттік парольмен электронды үкімет порталында тіркелу керек. Алайда Шымкенттегі банк, Қазпошта бөлімшелерінде ұзын-сонар кезек күтіп, құжат рәсімдеп жүрген жұрттың қарасы қалың. Ал, бұл - бұқара үшін тым қауіпті.Шымкенттегі Қазыбек би көшесі мен Түркістан көшесінің қиылысына орналасқан «Қазпоштада» иін тірескен халық нөпірі. Кезектің аты кезек қой. Мұндай жағдай өмірде жиі болып тұрады. Бірақ, бұл, елде төтенше жағдайдың күшейтілген кезінде орын алған оқиға. Бұлай топырлай берсек, карантиннен не пайда дейді ашынған ел.

Ал, жұмыспен қамту әлеуметтік қорғау басқармасының мамандарының айтуынша, бұқараның бұлай сандалуы бекер. Егер бұған дейін бірыңғай жиынтық төлем жасалмаған болса, бұл төлемді кез келген екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады дейді. «Мұндай мүмкіндігі жоқ азаматтар қарапайым ұялы телефон арқылы да бірыңғай жиынтық төлем төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін 5505 қысқа нөміріне латын графикасындағы бас әріптермен «GOROD ESP + ЖСН нөмір»  деген хабарлама жібересіз. Бүгінге дейін миллионды қалада 6 мыңнан астам азаматтан өтініш келіп түскен. Әлеуметтік сақтандыру қоры өтініш берілген уақыттан бастап 1 жұмыс күнінің ішінде шешім қабылдайды. Жәрдемақы 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей алушының есепшотына түседі. Мамандардың айтуынша, E-GOV порталына қосылуға мүмкіндік болмаса, Telegram мессенджері немесе www.enbek.kz сайты арқылы да өтініш жолдауға мүмкіндік бар» - деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Еламан Байдалы.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 428 рет