Сейсенбі, 14 Сәуір 2020 19:57

«BIRGEMIZ»: Түркістан қаласында 5 мыңға жуық отбасыға 50 мың теңге аударылды

Елімізде коронавирус індетінің алдын алу, аз қамтылған отбасыларға көмектесу үшін Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» республикалық қоғамдық қоры құрылып, жұмыс атқарып жатыр. Қорға еліміздегі ірі кәсіпкерлер, ауқатты азаматтар, жетекші компаниялар қолдау білдірді.

«Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша облыс орталықтары мен тұрғын саны көп жалпы 23 қаланың 150 мыңнан астам тұрғынына 50 мың теңгеден берілуде. Үйлестіруші – «Nur Otan» партиясы және жергілікті әкімдіктер. 23 қаланың қатарына Түркістан облысынан Түркістан қаласы енгізілген. Басқа аудан, қалалар бұл тізімде жоқ.
Тиісті министрлік пен қала әкімдігіндегі база бойынша Түркістан қаласынан жоғарыдағы санатқа жататын 4903 тұрғын анықталып, оларға көмек көрсетілді. Яғни, 4903 отбасыға 50 мың теңгеден аударылды. Қиын кезеңде қолдауға ие болған тұрғындар Елбасыға Н.Назарбаевқа, «Birgemiz» қорына және жомарт жүректі кәсіпкерлерге алғыстарын білдіруде.
Аталған қордан көмек алушылар жеті санатқа бөлінген: аз қамтылған көп балалы отбасылар; I топтағы мүгедектер; мүгедек бала күтімімен отырған адамдар; зейнеткерлер (ең төменгі және төмен зейнетақы алатындар); жетім балалар және 1 асыраушысынан айрылған жетім балалар; ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендер; тыл еңбеккерлері.
Бұл – кәсіпкерлердің елге деген қосымша көмегі. Бюджет қаражаты жұмсалмаған. Мақсат – көмекке аса мұқтаж жандарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесу. Аталған қаражат барша тұрғындарға арналмаған. Қаржы шектеулі болғандықтан жоғарыда аталған санатқа жататын тұрғындар арасынан 4903 тұрғынға берілді.
50 мың теңгені алу үшін ешқанай мекемеге немесе партия филиалына барудың қажеті жоқ. Арнайы базадағы мәліметтер негізге алынады. Дегенмен кейбір өтініштерді зерделеу арқылы шын мұқтаждарды анықтау жұмысы да жүйеленуде.
2020 жылғы 13 сәуірдегі сағ.18.00 жағдайға сәйкес «Birgemiz» қорының шоттарында 18 899 441 897 теңге жинақталды. Оның 7 623 150 000 теңгесі барлық облыстар, елорда мен республикалық маңызы бар қалалардағы «Birgemiz» қорының шоттарына жолданып, 150 мыңнан астам адамға жіберілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 


Оқылды 375 рет