Жұма, 17 Сәуір 2020 13:50

Түркістандық тұрғындардың еркін жүріп-тұруына шектеу қойылды

Түркістан қаласында ситуациялық орталық ашылып, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына шектеулер қойылды. Бұл туралы жедел штаб жиыны кезінде қала әкімі Рашид Аюпов мәлімдеді.

Қала басшысының айтуынша Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулысына орай шаһарда бірқатар шектеу енгізіледі. «Дүйсенбі ситуациялық орталық жұмысын бастап, оған полиция, төтенше жағдай, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, дәрігерлер және әкімдіктің әр сала мамандары тартылады. Бейнекамера орнатылып, диспетчерлік байланыс нөмір қарастырылады»,- деді Рашид Абатұлы.

Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, ендігі жерде қоғамдық көліктің қозғалысына да шектеу қойылады. Тек таңертең 7.30-10.00 және кешкісін 17.30-20.00 аралығында бір рет қана бағытқа қатынайды. Тұрғындарға «Алтын бұлақ» көтерме сауда базарынан дүкендерге жөнелтілген азық-түлік жеткізіледі. Одан бөлек, тапсырыс арқылы қызмет көрсетуге 22 көлік дайын. Алдымен, күріш, макарон, картоп, сәбіз, орамжапырақ, пияз, тұз, күнбағыс майына тапсырыс қабылданса, сұраныс бойынша тізімі ұлғаятын болады. Сондай-ақ, химиялық тұрмыстық заттар да бар. Жеткізу қызметіне дәріхана, дәмханалар мен мейрамханалар да қосылады. Ол үшін әрбір тұрғын ұялы телефондарына «Amazing Turkistan» қосымшасын жүктеп алса, керекті заттарына тапсырыс бере алады. Айта кетейік, қала әкімдігінің 6 мобильді тобы мен полиция қызметкерлері жұртшылықты қажетсіз сыртқа шықпау бойынша түсіндіруді бастап кетті. Сондай-ақ, блок бекеттердегі бақылау жұмысы қатаң қадағалауға алынған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 349 рет