Жұма, 17 Сәуір 2020 14:05

Түркістан облысындағы блокпосттарда психологтар мен еріктілер арнайы тренингтер өткізді

Түркістан облысындағы блокпосттарда психологтар мен еріктілер арнайы тренингтер өткізді. Бір айдан астам уақыт аралығында тәулік бойы кезекшілікте жүрген полиция мен медицина қызметкерлеріне, әскерилерге психологиялық қолдау көрсетілді.

Семинар-тренингтер блокпосттағы қызметкерлердің еңселерін көтеруге, қиындықтарды жеңіп, азаматтармен жұмыс атқаруға бағытталды. Ал, Полиция департаментінің психологтары азаматтармен қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, шаршаудың алдын алу жолдары жайлы айтты. Келеңсіз жағдайларды бастан өткерген мезеттегі көңіл-күйді бақылауда ұстау туралы кеңес берді. Тренингте көңіл-күйге, жүйрік ойлау, есте сақтау және жылдамдыққа, шыдамдылыққа қатысты түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Бұл жаттығулар бекеттердегі қызметкерлердің жұмысқа деген құлшынысын арттырып, тұрғындарға сыпайы қарым-қатынас үлгісін көрсетуге және күйзелістен арылуға септігін тигізді. Психологтардың тренингіне қатысқан қызметкерлер жағымды әсер алып, алғыстарын жеткізді.

«Полицейлерге де психолог кеңесі қажет. Өйткені, қызметтері ауыр, адамның жүйкесіне әсер етеді. Тыныштық күзетінде жүргендерге тұрақты түрде тренингтер өткізіледі. Мұндай тренинг кездесулер түрлі жағдайларда дұрыс шешім табуға көмектеседі. Тәртіп сақшылары кез келген жерде халықпен тез тіл табыса білуі маңызды екенін түсіндіреміз. Тренингтің нәтижесі өте жақсы, қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен жұмыс сапасы артады, бұқарамен сенімді байланыс орнайды», - дейді Түркістан облысы ПД-нің психологтары.

Іс-шара барысында еріктілер мен белсенді жастар блокпосттардан кіріп жатқан әрбір жолаушылармен сөйлесіп, хал-жағдайларын білуге тырысты. Осындай қиын шақта сабырлық сақтауға шақырып, қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес берді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.



 

 

Оқылды 477 рет