Жұма, 17 Сәуір 2020 14:16

Түркістан: Әскер қатарына сұранып жатқан жастар көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 сәуірдегі №296 Жарлығына сәйкес, әскери міндеттілер тізімі жасалып, әскерге шақырылған болатын. Жарлық негізінде әскери дайындығы бар азаматтар төтенше жағдай кезінде жұмыстарға тартылады. Осы мәселеге байланысты халық тарапынан сұрақтар туындап, кейбірі арнаулы жиынға шақыруды мобилизациямен шатастырып жатты. Сол себепті елді мазалаған сауалдарға Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары майор Кулдербаев Жандос Тынымбекұлы жауап берді.

Сұқбат yassy-tur.kz ақпараттық агенттігінде жарияланды.

«Ең біріншіден «әскери міндеттілердің» кім екенін анықтап алайық. Арнайы әскери дайындықтан өтіп, әскери билет алған азаматтар «әскери міндетті» санатына жатқызылады. Әскери дайындық түрлеріне әскер қатарында болу, 40 күндік әскери-техникалық мектеп бітіру, әскери кафедраны тәмамдау кіреді. Міне, осы үшеуінің бірінен өткендер ғана арнайы жиынға шақырылады.

Ал мобилизацияның бұған мүлде қатысы жоқ. Мобилизация дегеніміз – соғыс жағдайында немесе соғыс қаупі туған жағдайда ерекше қаулы бойынша шақыру. Ондай жағдайда әскерге барғандарды да, бармағандарды да шақырады. Жарлық төтенше жағдайға қатысты атқарылатын жұмыстар үшін ғана шықты. Оның үстіне, біз қазір әскерге шақыруды уақытша тоқтатып қойдық»,-деді Жандос Тынымбекұлы.

«Түркістанда 17 сәуірден бастап арнайы жиынға шақыру басталады делінген болатын. Бірақ бұл әлі нақты емес. Алдағы уақыттарда өзгерістер енгізіліп, әкімдік тарапынан арнайы қаулы шығатын болады және біз сол қаулы бойынша жұмыстар атқарамыз.

Президент Жарлығы бойынша қала төңірегінде 300-ге тарта азаматтарды әскер қатарына алу жоспарымызда бар. Ерікті ретінде әскер қатарына қосылғысы келетін жастар көп. Қазірдің өзінде 90-ға жуық еріктілер арнайы жиынға өздері келіп сұрануда. Жалпы мен барамын, еліме қызмет етемін деген кез-келген азамат егер денсаулығынан мәселе болмаса еріктілер қатарына алынады.

Әскери міндеттілер арнайы жиынға келгеннен кейін әскери қызметшінің функциясын орындайды. Оларға әскери жарғылар және ҚР Қылмыстық Кодексінің баптары толығымен таныстырылады. Еріктілер түгелімен арнайы әскери киімдер мен тамақпен қамтамасыз етіледі. Барлық еріктілер халық қауіпсіздігі мен қала тыныштығы үшін еңбек ететін болады. Олардың басты міндеттеріне блок-бекеттерді күшейту, дезинфекциялау шаралары және патрульдік жұмыстар кіреді»,-деп жалғастырды.

Ал әскери еріктілердің жұмыс мерзімі туралы былай деді.

«Төтенше жағдайлар заңы мен арнайы жиындар өткізілетін заңнамаға сәйкес 2 аптадан ары қарай қажеттілік туындауына байланысты 3 айға дейін созылуы мүмкін. Бұл уақыттың төңірегінде әскерге шақырылған азаматтар жоғарыда айтылған жұмыстарды орындайды. Жұмыс уақыты біткеннен кейін кешкісін үйіне қайтарылады. Айлық жалақы мөлшері егер жұмыссыз болса 42 500 теңге болады. Ал егер жұмысы болса жұмыс орны сақталады. Кері жағдайда еш жерде ресми тіркелмей, қосымша табыс тауып жатса, оны біз есепке ала алмаймыз. Себебі, есеп болмаса, табысын басқаша дәлелдеу қиын».

Сондай-ақ жиынға кімдер шақырылмайтынын айтты.

– Арнайы дайындығы жоқ азаматтар бұл жиынға шақырылмайды. Себебі арнайы жиынның жай жиыннан айырмашылығы – жігіттерді бірден апарып жұмысқа қосады. Атап айтатын бір жайт, егер азамат шақырылса, ол комиссариатқа міндетті түрде келіп, бар екенін көрсетуі керек. Әйтпесе, айыппұл төлеуі мүмкін. Ал оларды әрі қарай жұмысқа жіберу-жібермеуді комиссия шешеді. Және бұл жолы әскери міндеттен әйелдер босатылып отыр. Яғни, бара алмайды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 510 рет