Жексенбі, 19 Сәуір 2020 13:42

Түркістан: Ардагерлерге арналған қайырымдылық шарасы өтті

Түркістан қаласында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялар тобының Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек көрсету мақсатында жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы болып өтті.

Бұл туралы yassy-tur.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған жобаны жүзеге асыру Түркістан локомотив пайдалану депосына міндеттелді. Атаулы орын қалалық ардагерлер ұйымы мен ішкі саясат бөлімінің қолдауында шараны өз деңгейінде жүзеге асырды.

Оқиға барысын тарқатып айтатын болсақ, теміржолшы жастар дайындаған азық-түліктерді алып Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тылдағы еңбеккерлердің үйлеріне барды. Басты себеп – қазіргі таңдағы әлем мен елімізде болып жатқан короновирус індетінің алдын алып, төтенше жағдай талаптарын сақтау. Ең әуелі Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» қала тұрғындарына Елбасының курстас досы ретінде жақсы таныс, күні кеше ғана 80 жасқа толып, тұңғыш Президенттің құттықтау хатын алып көңілі хош болып отырған Әсетулла Каримов ақсақалға барды.

Одан кейінгі кезекте тағдыр жолы тым ауыр болған, небәрі 4 жасында жетімдік қамытын киген, өмір өнегесі ел ертеңіне арналған ардагер Абжаппар Дайрабайұлының шаңырағына бару бақыты бұйырды. Осылайша кеудесін Отан үшін оққа тосқан, маңдай терін ел үшін төккен 2 соғыс, 8 тыл ардагерінің үйлеріне көмек жеткізілді. Атаулы көмек жылына 4 рет жүргізілетін болады.

Бұндай шараның болуы бүгінгі қоғамды отаншылдық рухына тәрбиелеуге, рухани құндылықтарды насихаттауға, тарихқа және ардагерлердің ерліктеріне сыйластық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған тамаша бастама екенін, бұл жастар үшін ауадай қажет екенін ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Пернетай Досыбеков ерекше тебіреніспен ортаға салды.

Биылғы жылы шаһар аумағындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан және тылда еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсету теміржолшы жастардың мойынында екенін, оны соңына дейін жүйелі жеткізіп, ойдағыдай жүзеге асыратындарын жауапты маман Ерлан Бегимов жеткізді. Сөз соңында қарияларымызға қажымас қайрат, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілей отырып, осы ғасырдағы жастар атынан рахметін жеткізді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 356 рет