Сәрсенбі, 15 Сәуір 2020 16:44

Шымкентке «Birgemiz» қорынан миллион бетперде жеткізілді

Шымкент қаласына «Birgemiz» қоғамдық қорынан 1 миллион бетперде келіп жетті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш игі шараны жүзеге асыру үшін аталған осы қордың Қамқоршылық кеңесі «СҚ-Фармация» үкіметтік операторымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына медициналық бетпердені тегін тарату үшін 5 миллион маска сатып алу туралы шартқа қол қойған болатын.

Осыған орай медициналық бетперделер халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына кіретін отбасыларға тегін берілетін болды. Әр отбасыға 50 данадан үлестірілетін көрінеді. Аталмыш көмекті қаладағы 20 мың отбасы ала алады. Бір айта кетерлігі, медициналық бетпердені әр аудан әкімдігі еріктілермен бірге аталған отбасыларға жеткізіп бермек.

Естеріңізге сала кетер болсақ, бұған дейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорынан 22 мыңға жуық шымкенттіктің есеп-шотына 50 мың теңгеден қаржы аударылған болатын. Бұл игі шаралар әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 352 рет