Сәрсенбі, 15 Сәуір 2020 20:50

Шымкент: 35 отбасыға азық-түлік таратылды

Әлеуеті әлжуаз топқа қол ұшын беріп, көмектесу – ердің ісі. Еліміздегі төтенше жағдай кезінде Мегаполис халқы да қайырымдылықтан кенде емес. Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы», «Ізгілікте жарысайық» және «Добряки Шымкента» қайырымдылық қорлары төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайға тап болған 35 отбасыға азық-түлік себеттерін таратты.

Қайырымдылық шарасы аясында 35 отбасы қажетті азық-түлікпен қамтылса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балалардың кедергісіз білім алуы үшін теледидарлар мен смартфондар табысталды. Аталмыш ұйымдар бұған дейін де қайырымды жандардан түскен қаржы есебінен талай жанұяны қуантып келеді. «Қала тұрғындары асарлатып, шын мұқтаждарға көмек қолын созып жатыр. Қазіргі таңда 2000-ға жуық отбасыға азық – түлік таратылды. Балалардың білім алуы үшін де демеушілер теледидарлар мен смартфондар беруде» - дейді Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев.

Айтып өтейік, үй-үйді аралап, қайырымдылық шарасымен айналысып жүрген еріктілердің барлығы талаптарға сәйкес, санитарлық нормаларда жұмыс атқаруда. Волонтерлар, сондай-ақ, тұрғындарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, үйден шықпауларын сұрайды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 413 рет