Біз бұған дейін Мақтааралдың Өргебас ауылын су басқанын хабарлаған болатынбыз. «194 үйлік Өргебас ауылы бүгін таңнан бері эвакуациялануда. ТЖД мамандары ауыл аралау барысында тізесінен жарақаттанып, жүре алмай қалған 1996 жылы туған Бақдәулет Бимурзаев атты тұрғынды құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізді» делінген хабарламада. Ауыл тұрғынының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер денсаулығын тексеріп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып , елді мекендер, коммуникациялық желі, егістікке зақым келген. Соның салдарынан Мақтаарал ауданының екі ауылын су басты. Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асановтың төрағалығымен 2 мамыр түнгі 00:00-де арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жарияланды.
Сондай-ақ, 2020 ж. 3 мамыр таңғы 5.00-ден бастап, 250 үйі суға батқан Фердоуси ауылы бағытынан Жаңажол ауылдық округінің "Өргебас" елдімекеніне қарай су келе бастады. Екі ауылдың ара қашықтығы 3 шқ. Таңғы 8.00-де су "Өргебас" елдімекенің 194 үйін басуда. Тұрғындардың барлығы (1451 тұрғын) эвакуацияланды. Көшіру барысында зардап шеккендер жоқ.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.