Дүйсенбі, 04 Мамыр 2020 12:49

Түркістан: Мақтааралдағы төтенше жағдайға қатысты әлеуметтік желіде тараған видео шындыққа жанаспайды

Әлеуметтік желіде «Ешқандай шығын жоқ» Мақтаарал ауданындағы ТЖ байланысты Шөкеев мәлімдеме жасады» атты жазба жариялануда. Бұл ретте Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі Өмірзақ Естайұлының Мақтаарал ауданындағы су тасқынына қатысты халыққа бейнеролик арқылы мәлімдеме жасаған болатын. Әлеуметтік желіде кеңінен жарияланған бұл мәлімдемеде облыс басшысы «Шығын жоқ» деген сөзді «адам шығыны жоқ» деген бағытта айтқан болатын.

Желіні шулатқан осы жағдайға байланысты  Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерінің назарына дәлел ретінде толық бейнеороликті ұсынды.  Қазіргі таңда, шындыққа жанаспайтын мәлімет таратып, елді арандатушы адамдар анықталуда.

Еске сала кетейік, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Мақтаарал ауданында екі ауылды су басуына байланысты халыққа бейнеүндеу жолдаған болатын.

Видеода Түркістан облысының әкімі жағдайды түсіндіріп, тұрғындарды үрейге бой алдырмай, сабыр сақтауға шақырған еді.

«Өзбекстан тарапымен сөйлестім. Ол жақта қоймадан шыққан су тоқтатылған. Мақтааралдағы коллектордың қуаты - секундына 120 текше метр. Алайда түнімен секундына 180 текше метрден су ағып, ауылдарды су басып қалған. 4 елдімекеннен 5400 адам көшірілді. Оларға тиісті көмек көрсетіліп, қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Қазір біз су басқан өңірлерді қайтадан аралап, тексеріп шығамыз. Су басу қаупі сейілсе, халқы көшірілген үйлерді күзетке аламыз. Мүлкін, малын полиция қорғайды. Мал мен адам шығыны жоқ. Су деңгейі әлі де көтерілсе, тағы 4 елді мекеннің халқын эвакуациялаймыз. Ол - Нұрлы жол, Фердауси, Жантақсай және Жайлыбай ауылдары. Қазір дүрлігіп, үрейленбеңіздер. Бәрі реттеледі. Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды реттеуге облыстық толық мүмкіндігі бар», - деген еді облыс басшысы.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 430 рет