Сәрсенбі, 06 Мамыр 2020 13:04

Мақтааралда Төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары қалай жүріп жатыр

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында ТЖ салдарын жою жұмыстарының барысы баяндалды.

«Жедел штабтың шешімі бойынша 7 мамырда ҚР ІІМ ТЖ комитетінің барша күші елді мекенді судан құрғату үшін Өргебас ауылына бағытталды. Су басқан елді мекендерде жиналған су Өргебас ауылы төңірегіне қарай ағылуда. Сондықтан жасақ күштері мен жабдықтарды аталған ауылға қарай көшіру шешімі қабылданды. Қазіргі уақытта насостар арқылы 1 млн текше метрден астам су шығарылды», - делінген ҚР ІІМ ТЖ комитеті мәліметінде.

Сонымен қатар, бұл жұмыстарға Өзбекстан құтқарушылары да жұмылдырылған. Нұрлыжол, Жаңатұрмыс, Жеңіс, Достық ауылдарында ІІМ күшімен судан құрғату, сондай-ақ жеке заттарды, құжаттар мен мүлікті эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр.

ТЖ салдарын жою шараларына құтқарушылар, әскери қызметшілер, полицейлер, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен волонтерлар жұмылдырылған. Жалпы, 1300 адам, 220 техника, 15 жүзу құрылғысы мен 46 мотопомпа тартылды.

Бұдан бөлек, апаттық-құтқару жұмыстарына 205 адам, 38 техника мен 85 мотопомпа алып келген Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымы қатысуда. 7 мамыр таңертең төтенше жағдай салдарын жою шараларына Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы ТЖ департаменттерінің қосымша күштері жолға шықты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат. 

 

Оқылды 313 рет