Бейсенбі, 07 Мамыр 2020 14:01

Атыраудан Мақтааралға 150 тонна азық-түлік пен 15 млн теңге жіберілді

Атыраудан Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберілді.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Атыраудан 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмекті жеткізу үшін 6 жүк көлігі, 20 «Газель» мен 2 жеңіл көліктен құралған керуен жолға шықты.

«Екі тәулік шамасында атыраулық ағайынның аманатын Мақтааралға жеткіземіз. Сонымен қатар, Атырау қаласы халқынан бөлек, мұнайлы өңірге қарасты 7 ауданның жастары жинаған 15 миллион теңге Мақтарал ауданының халқына беріледі. Талай қиындықты халқымыз бірліктің арқасында жеңген. Бұл сынақты да бірге өткереміз. Біз біргеміз», - дейді ұйымдастырушылар.

Кеше Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Мақтааралға көмек көрсету мақсатында арнайы қорға қаржы жинау басталды. Гуманитарлық көмек көрсету Атырау облысы әкімдігі тарапынан да жалғасуда.

Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты Қазақстанның барлық аймақтарынан гуманитарлық көмек үзілмей жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ Өзбекстан елінен де қосымша көмек жеткізілуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

 

Оқылды 295 рет