Ауыл халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірауыздан Мақтаарал халқына азық-түлік пен киім-кешек, гигиеналық заттар, көрпе-төсек және күнделікті тұтынатын қажетті заттар алып, тарқатты. Ауыл әкімі өз атынан 500 нан жіберді. Ел басына күн туған заманда жетімі мен жесірін жылатпаған нағыз қазақ халқына тән ел бірлігінің бекем екендігін тағы да бір дәлелдеді.
Оның ішінде Дермене елді мекені 520 мың теңге, Қаражантақ 260 000 теңге, Қызыл көпір 150 000 теңге, Саналы 550 000 теңге, Теміржолшы 127 000 теңге, Орманды 71 000 теңге, жалпы сомасы 1 млн 678 мың теңгеге көмек көрсетілді.
Сондай-ақ Арыс қаласының Иран-әзірбайжан этномәдени орталығының өкілдері де уақытша қиындықтарға тап болған мақтаралдықтарға көмек қолын созды. Азық-түлік және күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды Атакент елді мекенінде орналасқан орталық штаб қоймасына жеткізді.
Осылай жұмыла жұмыс істесек, біз жеңбейтін қиындық жоқ екендігі даусыз-деген этнос өкілдерінің игі ісі көпшіліктің көңілінен шығып, мақтаралдықтардың рахметіне бөленіп, алғыс алып қайтты.Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.