Бұл туралы yassy-tur.kz ақпараттық агенттігі жазды. Балалық бал дәурен шағы соғыстың ауыр да азапты жылдарымен тұспа-тұс келген сондай тыл ардагерлерінің бірі Қансұлу Нарманқызы апа бүгінде Теміртау қаласының тұрғыны. Бейбіт елде есіл еңбегінің зейнетін көріп отырған асыл ана жеңіс туын желбіретуге бар күшін салған тыл ардагерлерінің бірі.
Қансұлу апа бүгінде сексеннің сегізін бағындырып отыр. Зұлматқа толы соғыс жылдарында тылда аянбай еңбек еткен ол бейбіт заманның қадірін артық біледі. Соғыс оты кенеттен лап еткенде жас жеткіншек үлкендермен қатар бейнет кешіп, күн-түн демей еңбек етті. Ауылда апа-анасына күбі пісісіп, май, ірімшік дайындауға көмектесті.
Таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етті. Соғыс жылдарындағы есіл еңбегі бағаланып 2015 жылы «Ұлы Отан соғысының тыл еңбеккері» медалімен наградталса, биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің жарлығымен арнайы мерекелік медальмен марапатталып отыр. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдары да шаруадан қол үзбеген кейуана талай мадақтау алған.
Шардараның тумасы, тыл еңбеккері Қансұлу апа өмірлік жолдасы Нәлеш ақсақалмен бірге 6 перзент тәрбиелеп өсірді. Олардан өсіп-өнген 29 немере, 60 шөбере тыл ардагерлерін ардақ тұтады. Ұл-қыздарына жастайынан әрбір нәрсенің қадір-қасиетін біліп, бағалауды бойларына сіңіріп өсіргендіктен, олар да жоқшылық пен баршылықты бағамдай біледі.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.