Сейсенбі, 06 Қазан 2020 20:08

Түркістан облысында 3,7 мың адам мемлекеттің қолдауымен жеке кәсібін бастады

Түркістан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 44 677 адам қатысқан.

Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 24,8 млрд теңге қаралып, 1 қыркүйекке дейін оның 11,8 млрд теңгесі немесе 47,7 пайызы игерілген. Айталық, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2186 адамды оқуға жолдау, оның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан 1211 адам өтеді деп жоспарланған. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қысқамерзімді кәсіптік оқыту жұмыстары қазан айында жүргізіле бастады.

Негізінен азаматтар шаштараз, тамақ өндірісі, электр және газ саласындағы мамандықтар, фермер шаруашылығы, тігін өндірісі және басқа да салалар бойынша оқып жатыр. Ал, бағдарламаның екінші бағыты бойынша 5791 адамды қамту жоспарланған. Бүгінге дейін оның 482-сі шағын несие алса, 3254-і грантқа қол жеткізген.

Шағын несие мен грантқа бөлінген қаржының басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға және халыққа қызмет көрсету бойынша жобаларды іске асыруға жұмсалды.

Үшінші бағыт аясында 89 930 адамды қатыстыру жоспарланса, бүгінге дейін 40 941 адам қамтылған. Бүгінде оның 15 363-і жұмысқа орналасқан. Қорыта айтқанда облыс аумағында биыл жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 40 941 адамға жетіп отыр. Оның 14 114-і тұрақты, 25 578-і уақытша жұмысқа орналасқан. Олар құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау салаларында қызмет етуде. Айта кетейік, биылғы ІI тоқсандағы статистикалық мәлімет бойынша, жұмыссыздық деңгейі - 5,1 пайыз болса, жастар жұмыссыздығы - 3,9, ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,7 пайызды құраған.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

 

Оқылды 261 рет