Жұма, 09 Қазан 2020 20:12

Түркістанда «Әлем балалардың көзімен» сурет көрмесі ашылды

Бүгін Түркістан «Жастар ресурстық орталығында» «Әлем балалардың көзімен» атты сурет көрмесі ашылды.

Онда Батыс Қазақстан облысының есту және сөйлеу қабілеттері нашар, зияткерлік бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар тәрбиеленушілерінің жұмыстары қойылған.

Аталмыш шара «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының «Еріктілер жылы» аясында ұйымдастырылуда. Қоғамның барлық балалары дарынды екенін көрсету мақсатында өтіп жатқан шарада өнерлі жасөспірімдердің суреттері қойылды. Онда балалар ешқандай қиындықтарға немесе мүмкіндіктерінің шектеулігіне қарамастан, әлемге мейірімді әрі кіршіксіз таза көздерімен және ойларымен қарайтынын көрсеткен. Осыны ескерген қоғамдық қор бірнеше жыл қатарынан, ақысыз негізде және өз бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға сурет салуды үйретіп келеді. Жыл сайын жас суретшілердің жұмыстарын таныстыратын көрмелері өткізіледі. Ағымдағы жылы балалардың туындыларын көптеген адамдарға көрсете отырып, еліміздің барлық қалаларын қамту көзделіп отыр.

Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» баспасөз хатшысы Қарашаш Есенбайдың айтуынша, ерекше балалардың шығармалары орталықта бірнеше күн өтеді. «Орталыққа келуші жастар өте көп. Олар көрмені тамашалап, картиналармен таныса алады. Қазірдің өзінде түркістандық жастардың алғашқы легі көрмеге келді. Жалпы мұндай жобалардың көптеп өткізілуі ерекше жастарды ынталандырады. Олардың қоғамнан алыстамауына ықпал етіп, керісінше қоғамның басқа мүшелеріне шабыт сыйлайды», - дейді Қарашаш Есенбай.

Ал, көрменің ұйымдастырушысы әрі «Аялаған алақан» қорының жетекшісі Рада Хайрушева кез келген жанға жақсылық жасау үшін көп ақша қажет емес, тек көмекке деген үлкен ықылас, көңіл мен қамқорлық және кішкене бос уақыт керек екенін айтады. Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін қор мыңнан астам баланы әртүрлі бағытта оқытқан және ол бірнеше жыл бойы тегін жүзеге асырылуда. Балалардың мұндай сабақтарға апта сайын қатысуына мүмкіндік жасалған. Үйірмелерге қажетті оқу құралдарын қамқор азаматтар жеткізіп береді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 278 рет