Сейсенбі, 23 Қаңтар 2018 10:49

ШЫМКЕНТ: ОБЛЫСТЫҚ ТУБДИСПАНСЕРДЕ АСПАЗ ӘЙЕЛ СҮТКЕ КҮЙІП, ҚАЙТЫС БОЛДЫ ал жұртшылық неге бейхабар?

Ажал айтып келмейді. Қайда, қандай жағдайда көз жұмарың бір Аллаға ғана аян. Десе де, соңғы кездері «жұмыс орнында көз жұмыпты», «қызметін орындау кезінде қайтыс болыпты» деген ақпараттарға жиі ұшырасатын болдық. Әдетте мұндай оқиғалар өндіріс ошақтарында, құрылыста жұмыс істейтіндер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында көбірек орын алушы еді. Алайда біз хабардар болған сұмдық оқиға құрылыста да, өндірісте де, құқық қорғаушылар арасында да емес, Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде орын алыпты.

Тарқатып айтар болсақ, жантүршіктірерлік оқиға 2017 жылғы желтоқсан айының 31 күні болған. «Облыстық туберкулезге қарсы диспансер» МКҚК-нің аспазы К.Қаржауованың үстіне жұмыс уақытында ыстық сүт төгіліп, ауыр жарақат алады. Диспансер жұмышылары тарапынан жедел жәрдем көлігі шақыртылып, К.Қаржауова жедел жәрдем көлігімен Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оксигенация орталығына жеткізіліп, сол жерде 2018 жылдың 3 қаңтарында қайтыс болған. Алайда К.Қаржауованың жазатайым жағдаймен жарақат алуына байланысты тубдиспансер тарапынан 2018 жылы 3 қаңтарда ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына хабарлама жолданады. Яғни оқиға орын алғаннан кейінгі 3-ші күні хабарлаған. Ал өкінішке қарай, бұл уақытта денесін күйік шалған әйел қайтыс болған екен. Осы хабарламаға сай Еңбек инспекциясы тарапынан жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылып, тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Тексеру барысында К.Қаржауовамен болған жазатайым жағдай жұмыс уақытында және өзінің міндеттерін атқару барысында болғандығы себепті «өндіріске қатысты» деп табылған.

Жалпы, бұл оқиғаның болған-болмағаны туралы жұртшылық білер ме еді, білмес пе еді, осы оқиға туралы ести сала біз қаңтардың 9-ында ОҚО прокуроры Нұрғалым Әбдіровке, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Әсия Темірбаеваға, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбековке хат жолдап, «Оқиғаның рас-өтірігін анықтап, қандай заңсыздықтар орын алды, еңбек қауіпсіздігіне қатысты тексеру шаралары жүргізілді ме, бұл оқиға жұмыс барысындағы өндірістік жарақат ретінде танылып, соған сай зардап шегушінің отбасына тиісті өтемақы төленді ме және осы оқиғаға қатысты бас дәрігердің заң шеңберіндегі жауапкершілігі қандай?» деген сауалдар жолдаған болатынбыз. Күткеніміздей, ертесіне-ақ ОҚО прокуратурасы мен Әсия Темірбаева басшылық ететін департаменттен аталмыш мәселемен айналысу үшін ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға хат жолданғандығы туралы жауап келді.

Ал енді ОҚО Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының жолдаған хатымызға орай қаңтардың 18-інде берген жауабына қысқаша тоқталар болсақ, жоғарыда айтып кеткеніміздей, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің аспазы К.Қаржауова көз жұмған соң – 2018 жылғы қаңтардың 3 күні ғана орын алған оқиға туралы Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға хабарлаған. Еңбек инспекциясы комиссия құрып, тексеру жүргізген. Жазатайым жағдай «өндіріске қатысты» деп табылған. Сондай-ақ, хатта былай делінеді: «Жұмыс атқарған уақытында К.Қаржауова еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықпен және аспазшыға арналған лауазымдық нұсқаулықпен қамтамасыз етілген. Еңбек қауіпсіздігі бойынша жұмыс орнындағы қайталама нұсқамадан 3 ай сайын өткізіліп отырған. Бірақ, жылына бір рет өтетін еңбек қауіпсіздігі бойынша білімін тексеруден өткізілмеген».

Сонымен қатар, «...жұмыс берушінің кінәсі – 100 пайыз, ал қызметкердің кінәсі – 0 пайыз болып белгіленді» делінген.

Бұдан бөлек, «Арнайы тергеп-тексеру барысында комиссия мүшелерінің жазатайым жағдайға ұшыраған К.Қаржауованың отбасысымен кездесіп, оларға қолданыстағы заңнамаларға сәйкес әлеуметтік қорғауға заңды құқықтары жөнінде түсіндірді» дей келе, бұл тұрғыда ҚР Еңбек кодексінің 122-бабының 1, 2, 3-бөліктері мен ҚР Азаматтық кодексінің 940-бабының 1, 2, 3-бөліктеріне сүйенуге болатыны көрсетілген.

Алайда, көкейіміздегі біраз сауалдардың жауабы сол күйі айтылмағандай әсерде қалдық. Мәселен, осы оқиғаға қатысты жұмыс берушінің – облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Болатхан Сағымбековтің заң алдындағы жауапкершілігі қандай? Мәселен, ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының (Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) 3-бөлігінде «Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген. Бұл – бір.

Екіншіден, ҚР Еңбек кодексінің 20-тарауындағы 187-баптың 2-бөлігінде жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы бір тәулік ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша хабарлау керектігі тайға таңба басқандай көрсетілгенімен, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға тек 2018 жылдың 3 қаңтарында ғана хабарлама жолдаған. Осыған байланысты жұмыс берушінің заң алдындағы жауапкершілігі қандай? Сонда өндірістік жарақат алуына немесе денсаулығының еңбек қызметіне байланысты зақымдануына орай жазатайым жағдай демалыс және мереке күндері орын алса, уәкілетті органдарға хабарлауды жұмыс күндеріне ысыруға бола ма? Сонда жұмыс беруші мекеме мен уәкілетті органдарда демалыс және мереке күндерінде жазатайым жағдай туралы хабарламаны беруге және тіркеуге жауапты кезекші мамандар күні бұрын бекітілмей ме? Бәлкім, оқиғаны жасыруға әрекеттенді (попытка сокрытия) ме екен?

Ендігі жерде осы сауалдардың басын қосып, тиісті жауабын алу үшін ОҚО прокуроры Нұрғалым Әбдіровке тағы да хат жолдағалы отырмыз. Жауабын алып жатсақ, аталған оқиғаға байланысты журналистік зерттеуімізді ары қарай жалғастырамыз деген ойдамыз. Мейлі, бір ғана адамның тағдыры, өмірі болса да, ол мемлекет үшін, қоғам үшін аса қымбат екенін ұмытпауымыз керек. Шындық жария етіліп, қоғам бәрінен хабардар болғаны дұрыс.  

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оқылды 5254 рет