Дүйсенбі, 05 Сәуір 2021 22:29

Шымкент: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали, республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, қала әкімінің орынбасарлары және басқарма басшылары қатысты.

Мұрат Дүйсенбекұлы Мемлекет басшысының осы бағыттағы жұмысты күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басым бағыттарына тоқталды. Барлық мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру және оларды алу кезінде кедергілерді, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою қажеттігін атап өтті. Бұл орайда ішкі талдау институтын қалыптастыру, барлық салада автоматтандыру жүйелерін енгізудің маңызы зор.

Агенттік өкілі Жазира Жылқышиева сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға және Агенттіктің іске асырылып жатқан жобаларына, заңнамалық жаңашылдықтарға назар аударды.

– Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында негізгі басымдық алдын алуға бағытталып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептерін жоюдың тиімді құралдары бар. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институты. Оны мемлекеттік органдар тұрақты негізде жүргізуі тиіс. 2021 жылдың 5 сәуірінен бастап әкімшілік заңнамаға түзетулер күшіне енді. Шымкентте азаматтық қоғам өкілдері белсенді. Ішкі талдау жұмыстарына қоғам өкілдерін көптеп қатыстыру керек, – деді Жазира Жақсылыққызы.

Жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел жемқорлықпен күресте сананы өзгертудің маңыздылығын, бұл бағыттағы жұмыстарға жұдырықтай жұмыла күресу керектігін айтты.

Жиында қалалық басқармалар тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар баяндалды.

Қала әкімі М. Әйтенов әкімдіктің барлық басқармаларында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу және мемлекеттік органдардың қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 371 рет