Бейсенбі, 08 Сәуір 2021 21:25

Шымкентте мүгедектікке шығу көрсеткіші азайған

Шымкент қаласы бойынша 2021 жылға дейін мүгедектердің орталықтандырылған дерекқорында 36 694 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Е.Ергеш және аталған департамент басшысының медициналық әлеуметтік-сараптама мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушысы С.Шонановтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Ержан Ермаханұлы департамент тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтер, тағайындалған төлемдер, зейнетақы мен жәрдемақы алушылар жөнінде баяндады.

– Бүгінде Шымкент қаласында зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны 280 000-нан асады. Ал өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету аясында жаңадан тағайындалған және көлемі өзгеруіне байланысты қайта қаралған төлемдер саны 126 421-ді құрады. Тарқатып айтсақ, тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 59 584, қайта қаралған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 66 837 және бюджеттік субсидияның саны – 25 587. Одан бөлек, осы жылдың 1-тоқсанында 26 959 төлем тағайындалды. Оның ішінде 16 109-ы жаңадан, 10 853-і қайта қаралып бекітілген, – деді Е.Ергеш.

Спикердің сөзінше, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 7 пайызға, ал күнкөріс деңгейіне орай мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері артқан. Оған қоса АЕК-тің өзгеруіне байланысты арнаулы мемлекеттік және көп балалы отбасылар мен бала күтіміне арналған жәрдемақылар көбейген.

Брифинг барысында департамент басшысының медициналық әлеуметтік-сараптама мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушысы Сырым Жамалбекұлы мүгедектік және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу бойынша сөз қозғады.

– Шымкент қаласы бойынша 2021 жылға дейін мүгедектердің орталықтандырылған дерекқорында 36 694 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Бұл жалпы 1 млн 46 мың халық санының 3,5 пайызын құрайды. Оның ішінде 30 339-ы – ересек адам (І топ – 3 238, ІІ топ – 14931, ІІІ топ – 12170), ал 6 355-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен үшінші мегаполисте өткен жылы мүгедектікке шыққандар саны 404 адамға төмендеп отыр, – деді С.Шонанов.

Айта кетейік, елімізде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ер азаматтар 63, әйелдер 60, ал 5 және одан көп баласы бар аналар 53 жастан зейнеткерлікке шығады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

 

Оқылды 264 рет