Жексенбі, 03 Маусым 2018 17:07

Нұрлан Сауранбаев Шымкенттегі азық-түлік жәрмеңкесін өз көзімен көріп қайтты

Естеріңізде болса таяуда Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қалада өткізіліп келе жатқан азық-түлік жәрмеңкесіндегі саудагерлерден құралған бастамашыл топ пен құқық қорғаушылардың қатысуымен өткен қала әкімдігіндегі жиналыста жәрмеңкенің ары қарай да өткізіле беретінін айтып еді.

«Мен жәрмеңкенің қалғанын дұрыс деп санаймын. Алайда СЭС-тің арнайы талаптары бар, оны айналып өте алмаймыз. Сол себепті ет, сүт өнімдері бұзылмас үшін жағдай жасау керек. Себебі ыңғайлылықтан бұрын сіздердің азық-түліктеріңізді сатып алатын қала тұрғындарының қауіпсіздігін ойлауымыз керек»,-деген болатын қала басшысы. Сол кезде бастамашыл топ қала әкімімен толықтай келісетіндіктерін білдіріп, тәртіпті қадағалайтындықтарын айтқан. «Тоңазытқышты да әкелеміз, жәрмеңкеден кейін қоқыстарды да жинаймыз» деп еді.

Осы аптада Шымкенттің әкімі Нұрлан Сауранбаев Қажымұқан атындағы стадионда өткізілген жәрмеңкеге арнайы барып, саудагерлер берген уәделерінде қаншалықты тұрғандығын біліп қайтты. Белгілі болғанындай, ет, сүт өнімдерін сатушылардың арасында тоңазытқышсыз келгендер бар болып шықты. Ендігі жолы осындайды тағы қайталайтын болса оларға жәрмеңкеден орын бұйырмайтындығы ескертілді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Шымкент қаласының әкімі жәрмеңкенің өткізіле беретінін, алайда, санитарлық қадағалау орындарының талаптары мүлтіксіз орындалуы керектігін айтқан еді. Яғни, тез бұзылатын азық-түлік сататын саудагерлер мұздатқыштары бар болған жағдайда ғана сауда жасауларына рұқсат берілген-ді. Олар болса, талаптардың орындалатынын айтқан-тұғын. Алайда, кейбірі осылайша уәдесінде тұрмай шықты. Десе де, әкімдік ескерту жасады. Ендігі жәрмеңкеде ескерту алып, талапқа жауап бере алмаған сатушылар сауда жасай алмауы мүмкін.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»             

Оқылды 1363 рет