Бейсенбі, 28 Маусым 2018 08:35

Шымкент: «Бекжан» базары маңындағы жолайырық пен айналма жол тамыз айында ашылады

Шымкент қаласындағы үлкен құрылыс алаңдарының бір болып табылатын Темірлан тас жолының «Бекжан» базары маңындағы жолайырық құрылысында дәл қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Ең басты айта кететін жаңалық – мердігер компания құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр екен. Таяуда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайтты.

Бұл маң Шымкенттегі қозғалыс пен халық шоғыры көп жерлердің бірі болып саналады. Құрылыс жұмыстарының сапасы техникалық қадағалаушылардың бақылауында. Олар материалдар мен құрылымдардың сапасын тексереді. Сынамалар зертханаларда сыналады. Қазіргі таңда мұнда асфальттың соңғы қабатын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыс шілде айына дейін бітеді дейді техқадағалау жұмысшылары.

Паспорт мәліметтері бойынша жолайырық құрылысының алғашқы кезеңі 2017 жылдың маусым айында басталған. Алғашқы кезеңін бітіру үшін мемлекет 1 млрд 737 млн 508 мың теңге бөліпті. Өткен жылы мердігер 1 млрд теңгеден астам қаражатты игеріпті.

Екінші кезеңде оң жақтық қабатжолдар құрылысы салынуы керек-тін және ол жұмыстар 2018 жылдың үшінші тоқсанында басталды. Нысанның құны 723,642 миллион теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру барысында тоғыз жер учаскесі алынған. Жобаны Алматы дизайнерлері дайындапты. Жобалық-сметалық құжаты бойынша нысан 2018 жылдың қарашасында пайдалануға берілуі тиіс болатын.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың пікірінше, жолайырық пен оң жақтық қабатжолдардың құрылысы мерзімінен бұрын, яғни, тамызда аяқталады деп сендіріп отыр. Мердігерлер белгіленген мерзімінен бұрын жұмыс бітіріп келе жатыр екен. Қала билігі пен құрылысшылар Темірлан тас жолының бойындағы бұл учаске транспорт та, адам да көп жүретін жер екенін жақсы түсінеді. Жолайырықтың ашылуы бірден көптеген мәселелерді шешеді. Әсіресе, кешқұрым ел жұмыстан қайтатын кезде, апақ-сапақта осы маңдағы кептелістер реттелер еді.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Оқылды 1396 рет