Жексенбі, 01 Шілде 2018 18:53

Шымкент: Орталық саябақтағы балалар алаңшасы жөнделді

Шымкент қаласының Орталық саябағындағы балалар алаңшасының істен шыққан элементтері жаңартылды. 

Жаңартылуының себебі де жоқ емес. Бұған дейін тұрғындар жарамсыз күйге түскен сырғанақ-әткеншектерде ойнау балалардың денсаулық жағдайына қауіп төндіретініне алаңдаушылығын білдіріп, шағымданған болатын. Қаланың коммуналдық қызмет саласының мамандары ендігі жерде жаңартылған саябақ ең кішкентай келушілерге жағымды көңіл-күй сыйлайтынына сенімді.

Айта өтейік, Шымкенттегі бір ғасырға жуық тарихы бар орталық саябақ биыл жаңартылды. Аумағы 8 гектарды құрайтын демалыс орнында бүгінде жаңа орындықтар мен қоқыс тастайтын құтылар орнатылды. Саябақта бүгінде 56 орындық пен бірнеше құты алмастырылып үлгерген. Ал ескі орындықтар мен құтылар қайта жөнделіп, қала сыртындағы демалыс орындарына, этносаябаққа және жаңадан қолға алынған шатқалдарға қойылады. Саябақтағы ағаштардың алды – 100, кейінгілері 50-60 жыл бұрын егілген. Жыл сайын мұнда жүздеген жас-дарақ жерсіндіріледі. Көктемде алуан түрлі гүл жайқалып тұрады. Былтыр саябақта 40-тан астам қылқан жапырақты ағаш пен 25 аққайың егілген.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1309 рет