Жексенбі, 01 Шілде 2018 19:19

Шымкент: Қонаев даңғылындағы темір қоршаулар алынды

Шаһардағы Қонаев даңғылының бойындағы жолды екіге бөліп тұрған темір шарбақтар алынды. Сала мамандарының айтуынша, жол ортасына отырғызылған ағаштар өсіп, көлік жүргізушілеріне кедергі жасап жатыр екен. Өз кезегінде оны қырқу да қиынға түскен. 

Мамандардың сөзіне сенсек, үш шақырымға созылып жатқан темір қоршаудың кесірінен жол апаты да жиілеген көрінеді. «Алайда бұл қоршаудың барлығы да жарамды. «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қоймасында сақталады. Егер қайсыбір көшеге қоршау орнату қажет боп жатса, кәдеге асырамыз» дейді Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Жандос Оспанов.

Айта кетер жайт, Қонаев даңғылындағы бұл қоршаулар әу баста жаяу жүргіншілер көшенің тек рұқсат етілген бөлігінен өтуі үшін орнатылған-ды. Яғни адамдардың қауіпсіздігі ескерілген болатын. Бірақ бұдан кейін тұрғындар жолдың кез келген жерінен кесіп өтпейді, жол ережесін бұзбайды дегенге кепілдік бар ма? Оны уақыт көрсетеді.

    «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1467 рет