Жұма, 13 Шілде 2018 10:51

Шымкенттік цирк өнерпаздары халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалінің жеңімпазы атанды

Таяуда елордамыз Астана қаласында алыс-жақын шетелдерден келген әлемге танымал цирк өнерпаздары қатысқан «Азия жаңғырығы – 2018» фестивалі аяқталды. Шымкенттік «Оңтүстік цирк» мекемесінің ұжымы да аталған конкурсқа қатысып, бірінші орынды жеңіп алғанын айта кетейік.

Шымкенттің теміржол вокзалында оларды достары мен әріптестері күтіп алды. Дәстүрлі түрде өткізіле бастаған бұл байқау осымен 11-ші рет өтіп отыр екен. «Астана күні» қарсаңында өткізілетін бұл байқауда биыл Франция, Канада, Венгрия, Белоруссия, Вьетнам, тағы да басқа әлемнің 12 елінен келген әртістер өнер көрсеткен. 4 күнге созылған байқаудың қорытындысы бойынша еліміздегі ең жас цирк ұжымы болып табылатын шымкенттік «Оңтүстік цирк» бас жүлдені жеңіп алды.Әуе гимнастары, клоундар мен иллюзионистер көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Алтыннан алқа тағып, жеңіспен оралған әріптестерін Оңтүстік Цирк ұжымы зор ықыласпен қарсы алды.

Өлім шеңбері – бұл цирк жанрының ең қауіпті де күрделі түрі. Шымкенттік цирк өнерпаздарына жеңіс сылайған да осы қойылым болатын. Мұнда әртістер үлкен батылдық пен жауапкершілікті сезіне отырып, көрерменге үрейлі, қорқынышты трюктерін көрсетеді. Әртістер аталған көрсетілімін дайындау үшін 3 жылдан аса уақыт жұмсапты. 3 шеңберлі темір жолақтың үстінде жасалатын ерекше трюктерді Қазақстанда алғаш рет Оңтүстік цирк әртістері көрсетіп отыр екен. Сол себепті де қазылар алқасы шырайлы қаланың өнерпаздарының өнерін үздік деп тапқан.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

Оқылды 7212 рет