Жұма, 03 Желтоқсан 2021 19:33

Түркістан: Жолдар қысқа дайын

Түркістан облысындағы тасжолдар қысқа дайын.

Көктайғақтың алдын алуға қажетті инертті материалдар толық аудан, қалалардағы қоймаларға тасымалданып, жинақталды. Жүзден астам арнайы техника жасақталып, 400-ге жуық жұмысшы жұмылдырылады. Қыс айларында автомобиль жолдарында автокөліктердің қауіпсіз және үздіксіз жүруін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары облыс басшылығы тарапанан қатаң бақылауда.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, техникалар жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойына 715 дана ескертуші «Тайғақ жол» жол белгілері орнатылған. Авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша жоспар бекітілген.

Қараша айынан бастап, 2022 жылдың наурыз айының соңына дейінгі аралықта облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйін күнделікті бақылау және төтенше жағдайлар басқармасымен дер кезінде ақпарат алмасу үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған. Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4152,3 шақырымды құрайды, оның ішінде 1943,3 шақырым бірінші кезектегі қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдары болса, 434 шақырымы – таулы аймақтарда қар қатты басып қалуы қауіпі жоғары аймақтар. Аталған облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан.

Жылыту бекеттері ауа-райының қолайсыз мезгілінде бір мезгілде жолда қалып қойған 30 адамды қабылдауға арналған. Сондай-ақ азық-түлік және жылту үшін 68 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілген. 

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 373 рет