Жексенбі, 03 Сәуір 2022 18:04

Батыс Қазақстанда 170-тен астам тұрғын үйді су басты

Батыс Қазақстан облысында 170-тен астам тұрғын үйді су басты.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

БҚО ТЖ департаментінің жедел штабы мәлім еткеніндей, қардың күрт еріп, жауын-шашын түсуіне байланысты Жәнібек ауданында 2 сәуір күні сағат 23.00-ден бастап екі ауылға су кірді.

Жақсыбай ауылында 170-тен астам үй суға кетті. Жергілікті атқарушы органдар және шекара қызметі күшімен 637 адам эвакуацияланды. Соның 305-і (89-ы – балалар) М.Ықсанов атындағы мектеп-балабақша кешені ғимаратына, 332-сі (70-і – балалар) жақын-жуықтарының үйлеріне орналастырылды.

Сондай-ақ Талов ауылында 2 үйді су алып кетті. 8 адам (екеуі – балалар) туыстарын паналады.

ТЖ (5 қызметкер, 1 мотопомпа), жергілікті атқарушы органдар (142 адам, 11 техника), шекара қызметі (15 әскери қызметкер, 2 техника) оқиға орнында жұмыс істеуде.

Жақсыбай ауылының тұрғындары елді мекенді түгел су басып, қиын жағдайда қалғанын, мал шығыны бар екендігін хабарлап жатыр.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

Оқылды 431 рет