Жұма, 22 Сәуір 2022 13:18

Шымкентте үй кезегінде 48 мыңнан астам азамат тіркелген

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Онлайн режимде өткен қабылдауда азаматтар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін баяндады. Өзекті мәселелердің басым көпшілігі тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек түрлеріне байланысты болды.

Қабылдау барысында атап көрсетілгеніндей, қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй алу тізімінде түрлі санаттар бойынша 48 335 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер белгіленген тәртіппен үлестіріліп келеді. Арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған.

Биыл азаматтардың пайдалануына жалпы 1605 сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру жоспарлануда. Оның ішінде: жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар-54, көпбалалы отбасылар-476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы - 218, жұмыс істейтін жастар-857.

Сондай-ақ, биылдан бастап кезекте тіркелген 1,2 топ мүгедектерге, жетім балаларға, көпбалалы және мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау жүзеге асырылады. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков қабылдау барысында жауапты басқарма мамандарына қазіргі таңда пәтер жалдап тұрып жатқан аталған санаттағы азаматтарға субсидиялау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бағыт-бағдар берулерін тапсырды.

Айта кету керек, Ерғали Дәулетбекұлы алдын–ала жазылу бойынша аптаның бейсенбі және жұма күндері қабылдау жүргізеді. Қабылдауға 8-7252-24-71-61 нөмірі бойынша жазылуға болады.

 

 «AQ-QARA.KZ-ақпарат»

                         

 

Оқылды 905 рет