Сәрсенбі, 25 Шілде 2018 13:04

Шымкент: «Жаңа шаһардағы» жерүсті өткелі биыл игілікке беріле ме?

Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті өткелінің сақалды құрылысқа айналғанына біраз жыл болды. Қала тұрғындары бұл нысанның қашан пайдалануға берілетініне бүгінде тіпті алаңдай бастады. 

Тым ұзаққа созылып кеткен құрылыс сол төңіректегі қалың бұқараның әрлі-берлі жүріп-тұруына едәуір кедергі жасап тұрғаны жасырын емес. Қалт-құлт еткен қарияларға мүлдем қиын. Әсіресе, ақ қар-көк мұз құрсанып жататын қыстыгүні нысанның қоршауының жиегімен жүру өте қауіпті. Міне, осыны ескеріп, нысанның маңайын бір барлап қайтқан болатынбыз.

Құрылысшылар ирригациялық жүйе орнатумен әуреленіп жатыр екен. Сәтін салса, өткел биыл желтоқсанға дейін ел игілігіне берілетін көрінеді. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, бұл жерде эскалатор қарастырылған екен.    

«Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысында жаяу жүргіншілердің нөпірі қалың. Соның салдарынан көлік кептелісі жиі-жиі орын алады. Міне, осы себепті сол маңайға жерүсті көпірін салу туралы байламға келгенбіз. Өткел «Г» тәріздес болады. Бүгінде жолдың барлық бөліктеріне тіреулер орнатылып бітті. Құрылысқа қажетті бөлшектердің де баршасы сақадай сай тұр» дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Абай Тұрханов.

Айта кетейік, өткелдің құрылысы 2016 жылы басталған-ды. Қала әкімдігінің аталмыш бөліміндегілер жұмыстың кешеуілдеуін жерасты коммуникацияларының кедергі жасауымен байланыстырып отыр. Алайда бұл мәселе бүгінде шешімін тауыпты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1207 рет