Жұма, 03 Тамыз 2018 14:11

Түркістан облысында «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмыс істеп жатқан жастардың саны 500-ден асады

Түркістан облысында жазғы демалыс кезінде қосымша қаржы тауып, «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарында жүрген жастардың саны жыл санап артып келе жатқаны белгілі. Биылғы жылдың маусым айынан бастап қолға алынған шарада бүгінге дейін 500-ден астам студент еңбек етіп, аймақтағы түрлі нысандардың абаттандырылуына атсалысып келеді.

Маусымдық жұмысқа тартылған студенттер мен жұмыссыз жастардың еңбек ақысының 50 пайызы жұмыс беруші мекемеден, қалған 50 пайызы республикалық бюджеттен төленіп отырғанын айта кеткен жөн. Өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына тартылған жастардың арқасында 117 елдімекендегі 6 мың метрге жуық шарбақ сырланып, 100 мыңнан астам көшет отырғызылған. Сонымен бірге, былтыр 445,8 мың га саябақ пен аллеялар, орталық көше бойлары абаттандырылыпты. 

Естеріңізге сала кетсек, Елбасының бастамасымен құрылған еңбек жасағы облысымызда 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тоғыз жылдың ішінде өңіріміздегі 13 мыңнан аса жас көгалдандыру-көріктендіру жұмыстарына жұмылдырылған. 

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1338 рет